Ақтауда облыстық онкологиялық дипансердің құрылысы қайта басталды. 2011 жылы құрылысы тоқтап қалған нысанның қазіргі жұмысымен облыс әкімі Ералы Тоғжанов танысты. Бұл туралы Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Биыл өңір басшысы Ералы Лұқпанұлының тапсырмасы бойынша қаржыландыру мәселесі шешіліп, онкологиялық диспансердің құрылысы қайта жалғасын тауып жатыр. NCOC компаниясы бұл әлеуметтік-инфрақұрылым жобасына 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Диспансердің құрылыс жұмыстары 2019 жылдың соңына таман аяқталады деп жоспарлануда. Бұл онкологиялық диспансерде 100 орындық аурухана мен диагностикалық орталық қамтылмақ. Бірінші қабаты емхана болса, екінші қабатта әкімшілік корпусы, сондай-ақ 3 пен 6-шы қабатқа дейін химиотерапия, сәулелік терапия, хирургия, күндізгі стационар бөлімі және өзге де бөлемдер орналасады. Мұнда жұмыс істеуге 3 профессормен, сондай-ақ дәрігерлермен келіссөздер жүргізілуде. Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов құрылыстың қалай жүріп жатқандығынан апта сайын баяндап тұруды тапсырды. Алдағы уақытта қажетті заманауи жабдықтарды сатып алу жолдарын қарастыру керектігін де айтты.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="62625,62626,62627"]