Ақтау гарнизоны әскери сотында Б. «Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі» ММ-не және Ақтау гарнизоны тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімінің тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізіміне қоюдан бас тарту туралы бөлігін заңсыз деп тануды және бұзылған құқығын қалпына келтіру жөніндегі азаматтық іс қаралды.
Сот мәжілісінде Б. Ақтау гарнизоны тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімімен өзін заңсыз және негізсіз тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізіміне қоюдан бас тартқанын, өзінің атында пәтер болмағанын және мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алмағанын, отбасын құрғаннан кейін екі балалы болғанын, қазіргі кезде отбасымен үй жалдап тұрып жатқанын, әскери міндетін Ақтау гарнизонында өтеп жатқанын атап көрсетті.
Жауапкер өкілі сот отырысында Ақтау гарнизоны тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімімен Б-тің өзiне меншiк құқығымен тиесiлi тұру үшiн жарамды тұрғын үйдi иелiгiнен шығаруы арқылы тұрғын үй жағдайын қасақана нашарлатуына байланысты соңғы бес жылдың iшiнде тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізіміне қоюдан бас тартқанын атап көрсетті.
Б-тің жұбайы И. некеге тұрғанға дейін Ақтау қаласындағы жеке пәтерін әкесіне сыйға тартқан.
Ақтау гарнизоны әскери сотының сот шешімімен Б-тің арызы қанағаттандырылды.
Гүлсім МАТЖАНОВА, Ақтау гарнизоны әскери сотының бас маманы