©
Ортаға сыйлы абыройлы азамат, кәсіби журналист, баспасөз саласының ардагері, газет безендіру ісінің шебері Сафи ӘЖІМҰРАТОВ 70-ке қараған шағында дүниеден озды.
1949 жылы Ақтөбе облысының Шалқар поселкесінде дүниеге келген Сафи Әжімұратұлы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң, жалынды жастық жігер, шығармашылық құлшыныспен Маңғыстауға келіп баспасөз саласында өмір бойы ақ адал маңдай тер төкті. Екі жыл облыстық радио мен телевидениеде еңбек еткен Сәкең 1978 жылы сол кездегі Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» газеті редакциясында қызметін жалғастырып, зейнеткерлік демалысқа шыққанша сол басылымның секретариатында табысты еңбек еткен еді. Кейін қалалық «Ақтау-ақпарат» газеті ашылғанда тәжірибелі маман сол басылымның жауапты хатшысы болды.
Ол дөңгеленген дүние-керуенінде ылғи да жылы жымиып, айналасын жеңіл әзіл-қалжың, зілсіз юмормен көмкеріп күлдіріп жүретін ерекше бір жайдары жан болатын. Сондықтан суыт жеткен суық хабар облыстық «Маңғыстау-Медиа» ЖШС – «Маңғыстау» газеті ұжымында бірге қызмет жасаған әріптестеріне де ауыр тиді. Абзал азаматтың жарқын бейнесі біздің жадымызда әркез сақталады.
* * *
«Маңғыстау-Медиа» ЖШС ұжымы ардагер-журналист Сафи Әжімұратовтың кенеттен қайтыс болуына байланысты оның отбасына, жақын-жуықтарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.