Ашхабадта өткен сауда- экономикалық миссия барысында Қазақстанның Сыртқы саяси палатасы мен өнеркәсіп иелері және кәсіпкерлер одағы арасында Түрікменстанда Қазақстанның сауда үйін ашу туралы келісім жасалды.
«Сондай-ақ тараптар екі елдің кәсіпкерлері үшін кіру визасын рәсімдеуге өзара жәрдемдесуге келісті», – деп мәлім етті ҚР Сыртқы сауда палатасынан. Қазақстандық компаниялар Түрікменстан нарығына өнімдерін өткізуге көптен бері қызығушылық танытып келеді. Аталмыш сауда-экономикалық миссия бұл елдегі Қазақстан елшілігінің көмегімен өтті. Оған машина жасау, құрылыс, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі салаларындағы 16 компания қатысты. Олардың қатарында «IT&M», «Қазфосфат», «ҚазАзот», «Кентау трансформатор зауыты», «Рахат», «Тиккурила», «Қазақстан Ғарыш Сапары», «Азия авто», «Баян Сұлу», «Құрық порты» және т.б. бар.
Елдер арасында туындайтын негізгі проблемалардың қатарына түрікменстандық әріптестер қазақстандық кәсіпкерлерге төлем жасау кезінде қиындықтарға душар болып жататынын жатқызуға болады. Бұл манатты еркін айырбастау мүмкіндігінің болмауымен байланысты. Сондықтан бірлескен жұмыстың белсенділігін арттырып, ынтымақтастық орнату мақсатында «KazakhExport» АҚ-ның топ-менеджрлері «Түрікменстан» және «Халықбанк» мемлекеттік банктерінің өкілдерімен, сондай-ақ «Рызгал» коммерциялық банкімен келіссөз жүргізді.
Сауда-экономикалық миссияның нәтижелері бойынша «Dolce» фармацевтикалық компаниясы ынтымақтастық жөніндегі екі меморандумға қол қойды. Ал «Белес-агро» ЖШС «Белес-Маркет» сауда белгісімен Түрікменстаға биылғы жылы әр ай сайын 3-4 мың тонна көлемінде ұн мен өсімдік майын жеткізіп тұру туралы келісімшартқа қол қойды.
Өз хабаршымыз.