©
Рамазан айы – мейірім айы! Осы айда мұсылман пенделер бір-біріне ізгі ықылас ниет танытып, тарыққан жандарға пітір садақа таратқаны сауапты іс саналады. Осындай игі лілекпен қайырымдылық шараларын өткізу соңғы жылдары жақсы үрдіске айналып келеді.
Сондай сауапты шараның бірін Ақтау қаласының мемлекеттік балабақшалары да ұйымдастырып, қатерлі ісік сырқатына шалдыққан жас жарымдағы Әлима есімді астаналық сәбиге көмек ретінде жәрмеңке өткізді.
Ақтаудағы 11 шағынауданда орналасқан № 26 «Қарлығаш» бөбекжайының ауласында өткен «Қайырымдылық – адамгершілік белгісі» піскен тағамдар мен қолөнер бұйымдары жәрмеңкесінен түскен қаражат Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында емделіп жатқан Әлима Алтайқызы Көпейдің ата-анасына тапсырылатын болады.
№ 26 «Қарлығаш» бөбекжайы директорының әдістемелік жөніндегі орынбасары Ботакөз Сапарғалиева:
- Қасиетті айда мұқтаж жандарға қайырымдылық қолын созу мақсатында, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты бойынша осы шараны өткізуді ойға алдық. Бұл шарамыз Астана қаласының – 20 жылдық, Ақтау қаласының – 55 жылдық мерейлі даталармен тұспа-тұс келіп отыр. Атаулы мерекелер қарсаңында, Рамазан айының алғашқы онкүндігінде өткізіп отырған шарамызға қаладағы барлық балабақшалар атсалысып, ата-аналар, тұрғындар жәрмеңке ұсынған өнімдерді ізгі ниетпен сатып алып, біздің бастамамызға қолдау көрсетіп жатыр, - деді.
Қайырымдылық шарасы аясында балабақша тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетсе, тәрбиеші қызметкерлер өз қолдарымен дайындалған тағамдар мен тоқыма бұйымдарын, сатылымға шығарды.
Қайырымдылықтан түскен 549 мың 220 теңге сәби атындағы қордың есепшотына аударылды. Шараға белсене атсалысқан ұжымдар қалалық білім бөлімі басшысының алғыс хатына ие болды.
Ақтаулықтардың мейірімділік көрсеткеніне риза болған Әлиманың әжесі Жанат Ермекова Астанадан телефон шалып, қайырымды жандарға алғысын білдірді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ