©
Ұлттық бірыңғай тестілеу өткен жылдан бері екі кезеңде өткізіледі: Қорытынды аттестаттау және ҰБТ.
Биыл қорытынды аттестаттау, яғни, мемлекеттік бітіру емтиханы 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өткізіледі. Ал ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығына жоспарланған. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар алаңында Маңғыстау облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Қойжанов мәлімдеді.
-Облыс бойынша 126 орта мектеп қорытынды аттестациялаудан өтеді. Бітіруші түлектер саны – 5611. ҰБТ 4 пунтте өткізіледі. Олар: Ақтау қаласында Есенов университеті ғимараты, Маңғыстау, Бейнеу аудандарында және Жаңаөзен қалаларында. Бүгінде бұл пункттер тиісті құрылғылармен, жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Тест өткізуге еш кедергі келтірілмейді. ҰБТ тапсыруға 4167 өтініш тіркелді. Бұл жалпы бітірушілер санының 74 пайызын құрайды. Өткен жылы тест тапсырушылар саны 3600 болған, - деді ол.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, ҰБТ форматы өзгергелі алдыңғы жалдармен салыстырғанда тест тапсырушылар қатары көбейген.
28 мамыр – 8 маусым аралығында 9 сынып бітірушілері емтихан тапсырады.
15 маусымнан бастап республика бойынша барлық бітіруші түлектерге аттестат тапсырылады.
-Биыл «Алтын белгіге» 174, Үздік аттестатқа 125 үміткер тіркелді. Олар қорытынды аттестациялаудан өтіп, өз білімдерін дәлелдеген соң «Алтын белгіге» ие болады. Бұл оқу жылының айырмашылығы – «Алтын белгі» иегерлеріне мемлекеттік грант конкурсына барған кезде тек қана бірдей ұпай алған жағдайда ғана басымдылық беріледі. Басқаша артықшылық қарастырылмайды, - дейді Мектепке дейінгі және жалпы білім беру бөлімінің басшысы Клара Құлатаева.
Шалғай ауыл, аудандардан келіп, ҰБТ тапсыратын түлектердің жолын, тұратын жері мен ас-суын қамтамасыз етуге 6 млн 800 мың теңге қаржы қарастырылған.
-Бітіру кештері мектеп қабырғасында ғана өткізілуін ата-аналар мен түлектерге ескерттік. Егер салтанатты түрде арнайы орындарда атап өткісі келсе, қорытынды аттестация, ҰБТ өткеннен кейін рұқсат етіледі, - дейді Клара Құлатаева.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ