Маңғыстау облысының кәсіпкерлері жылына 1%-дық несие алады. Маңғыстау облысының кәсіпкерлігін дамыту үшін «Даму» қоры 1,8 млрд теңге бөлсе, жергілікті бюджеттен бұған қоса 900 млн теңге бөлінеді. Осылайша Маңғыстау облысындағы «Нұр Капитал» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған жалпы сома 2,7 млрд теңгені құрайды.
«ForteBank» АҚ аталған бағдарлама бойынша алғашқы 322 млн теңге қаржыны бірінші болып алды.
Қаржыландырудың талаптары:
«Нұр Капитал» осы өңірге қаржыны теңдей бөліп беру мақсатында, Маңғыстау облысында (Ақтау қаласынан басқа) тіркеліп, жұмысын жүргізіп жатқан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруға арналған аймақтық бағдарлама аясында дайындалған.
Мақсаты:
- инвестиция тарту,
- айналым қаражатын толтыру - инвестициялық жоба сомасының 30%-ы.
Бір борышкердің қолына тиетін шекті сома: 30 млн теңгеге дейін;
Мерзімі: 7 жылға дейін;
Кәсіпкер үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі: 8,5%-дан аспайды.
«Нұр Капитал» бағдарламасы бойынша қаражат алған кәсіпкерлер «Даму» қорының көмегімен несиені субсидиялай алады. Нәтижесінде пайыздық мөлшерлемені 8,5%-дан 1%-ға дейін төмендете алады.
«Мұндай қолайлы жағдай – жаңа өнімдер мен жаңа кәсіпорындар қатарын көбейтіп, Маңғыстау облысы бойынша кәсіпкерліктің биік белеске көтерілуіне септігін тигізеді», - деді «Даму» қорының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиал бастығы Гүлжан Қалымбетова.
Кепілдік жеткіліксіз болған жағдайда кәсіпкер несие сомасының 85 пайызына дейін «Даму» қорының кепілдігін пайдалана алады.
«ForteBank» АҚ Басқарушы директоры Ляззат Сатиеваның айтуынша, банктің жолға қойылған бизнес-процестері мен банк филиалы қызметкерлерінің кәсіби шеберлігінің арқасында қысқа мерзім ішінде кәсіпкерлер несиеге қол жеткізіп, бірқатар қызықты жобаларды жүзеге асыра алады.