Бейбіт елдің бесігі мызғымас қорғаныспен шеп құрған қуатты әскердің қолында тербелері анық. Қазіргі таңда ел өміріндегі сарбаздың салмағы артпаса, кеміген емес. Бейбіт күннің арғы жағында беделі биік қолбасы мен білегі мықты сарбаз тұрары хақ. Сырттың суық қолы мен сұқты көзінен, іштен салған іріткілер мен шекара және аймақтар тыныштығын күзетуде заманға сай кәсіби әскер қырағылығын жоғары деңгейде көрсете білуі керек. Бүгінде қазақ сарбаздары осы талаптан шыға алмаса, жүз отыздан аса ұлт пен ұлыстың бейбіт шаңырағы биікке көтерілмес еді.
Жуырда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Ақтаудағы №6656 әскери бөлімінде Парламент мәжілісінің депутаттары қатысуымен жиын өтті. Әскери бөлімнің табалдырығын аттағаннан-ақ қатал тәртіп байқалды. Ішке енген әрбір азаматтың құжаттары тек серіліп, одан кейін ғана бөлімге кіруге рұқсат беріледі. Аталған бөлім – Ақтау қаласындағы ішкі істер органдарымен тығыз байланысып, қоғамдық тәртіпті күзететін бірден бір әскери бөлім.
Жиында Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы, әскери қайраткер, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі Ержан Құдайберген, Ұлттық ұлан, Ұлы Отан соғысының ардагерлері құрметті қонақтар қатарында болды. Сонымен қатар шараға мектеп оқушылары, «Қайсар» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатысты.
Аталған әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысуға келген депутаттар таң-сәріден сап түзеген әрбір сарбаздың қолын алып, хал-жағдай сұрасты.
Жиын соғыста құрбан болған аталарымыз бен әкелерімізді, жауынгерлер мен офицерлерді, дүниеден өткен ардагерлерімізді еске алып, тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Жиында әскери бөлімнің ішкі тұрмыстық жағдайы мен жауынгерлік дайындық жаттығулары көрсетілді. Әрбір қойылым әскерлердің кез келген жағдайға дайын екендігін аңғартты. Әскери наряд қызмет атқару кезіндегі түрлі іс-қимыл әрекеттерінен көрініс көрсетті.
Өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуде бөлім көптеген жұмыстар атқарып келеді. Ер балалардың әскери істі меңгеру мақсатында 2016 жылғы маусым айынан бастап «Батыс» өңірлік қолбасшылығының №6656 әскери бөлімі «Қайсар» әскерипатриоттық клубымен етене байланыста. Аталған клуб тәрбиеленушілері суық және ату қаруларынан, соққыдан қалай қорғану керек екенін мықты дайындықпен паш етті. Сонымен қатар республикалық байқауларда алдыңғы қатарда көрініп жүрген каратэ мектебінің оқушылары спорттық іс-қимылдарымен тамаша үзінді келтірді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қызан спорт кешені алғашқы шәкірттеріне есігін аштыҮйретілген иттер кинологтің әр бір бұйрығын бұлжытпай орындап, бірнеше сөмкенің ішінен қателеспей аз ғана уақытта зиян заттарды тауып, жиналған жұртты таңғалдырды. Ақтау гарнизонының барлық салтанатты жиынында өнер көрсететін №6656 бөлімінің әскери оркестрі музыкалық композиция орындады.
Генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевқа №6656 әскери бөлімі, 1 ротасының сарбазы қатардағы Әділет Сәрсенғали өлең шумақтарын оқыды.
- Отан үшін кірпік қақпай Қазақ елінің тыныштығын қорғаған сарбаздар! Қасиетті Рамазан айының бірінші күні ел қорғайтын сарбаздардың дайындығына куә болдық. Біз – тарихымыз бен дінімізді сыйлайтын, Отанымызды шексіз сүйетін халықпыз. Сендерге аға ретінде бас иіп, алғысымды айтамын, – деді Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев.
Жиын соңында Ұлы Отан соғысы ардагерлері марапатталып, оларға құнды кітаптар сыйға тартылды.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="54144,54146,54145,54147,54148,54150,54143,54149"]