Әулиелі мекеннің әрбір тасы мен тауы, сайы мен саласы тұнған тарих. Маңғыстаудың көне заманның куәгеріне айналған киелі жерлері бұл сөзімізге дәлел. Қанша ғасырға, қанша ғалымның еңбегіне арқау болған деректер легі әлі күнге зерттеуді қажет етеді. Осы бағытта сейсенбі күні Маңғыстаудың материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұраларын зерттеуге арналған халықаралық кешенді экспедиция жолға шықты. Экспедицияның мақсаты - Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын ұлттық және халықаралық деңгейде насихаттау, Маңғыстау облысының тарихи-мәдени мұраларын аймақ бойынша кешенді ғылыми экспедиция өткізу. Экспедиция құрамына еліміздің және шетелдік ғалымдар біріктірілді. Әзірбайжан, Түркия, Ресей елдерінен мамандар арнайы шақыртылды. Олар сапарға шықпас бұрын Маңғыстау облысының әкімінің қабылдауында болған еді. -Экспедиция 8 күнге созылады. Осы уақыт ішінде Қошқар ата, Ақшора, Жалғызтам, Үштам, Кенті баба қорымдарын, Сұлтан үпі, Қапамсай сайына, Шақпақ ата, Отпан тау, Ақмыш, Шерқала, Айрақты тауларына, Көгез этноауылына, Таңбалытасқа, Бозжыра тауына, Оғыланды қорымы – Бекет ата жерасты мешітіне, Үстірттегі шыңырау-құдықтарға және Қараман атаға барамыз. Экспедиция маршрутының ұзақтығы – 2000 шақырым, – деді «Маңғыстау мемлекеттік тарихи- мәдени қорығы» мемлекеттік мекемесінің директоры, экспедиция мүшесі Нұрлан Құлбай. Осы аталған бағыттар бойынша жүріп отырып, экспедиция мүшелері аталардың қорымына барып, зиярат етіп, ата-баба рухына құран бағыштады. Сапардың алғашқы күні Қарағашты, Үштам, Кенті баба, Сүлтан үпі қорымдарында болып, Отпан тауға табан тіреді. -Бұл болып жатқан экспедиция бүгін қабылданған шешімнің нәтижесі емес. Облыс әкімінің бастамасымен көптеген дөңгелек үстелдер, конференциялар, басқосу, кеңестер болды. Соның нәтижесінде осындай «Маңғыстауды кешенді түрде зерттеу» шешімі қабылданды. Мақсат – Маңғыстауды тану және таныту. Маңғыстау жайында қандай жазба деректер бар, оның бәрін ұштастырып, үндестіріп, қорытынды шығару керек. Маңғыстау – қазақ елінің тарихи ырысы, дүнеауи байлығы. Жер асты, жер үсті табиғат байлығы мол екені айқын. «Мен қазақпын» деген азамат тарихи құндылығын өзі де тануы қажет, өзгеге де тануы қажет. Қазақстан бойынша облыс көлемінде мұндай кешенді зерттеу қолға алынған жоқ. Тұңғыш рет біздің аймақта ұйымдастырылды. Түркия, Әзірбайжан, Ресей, Қазақстан ғалымдары қатысып отыр. Оның басында еліміздің белгілі жазуышысы, ойшыл, азамат ағамыз Әнес Сарай ағамыз бар. Жан-жақтан жиналған ғалымдар барлығын аралап болған соң әркім өз обьектісін таңдайды. Сол обьект бойынша қандай жұмыс жүргізетінін ойластырып, екі айдан кейін өз ұсынысын айтады, - дегенді айтты профессор Ислам Жеменей. Экспедиция барысында Маңғыстау жерінде орналасқан маңызы бар сакралды орындар, ноғайлы кезеңінің ескерткіштері, сондай-ақ аймақтың шыңырау құдықтары зерттелмек. 8 күнге созылған экспедиция барысында ғалымдар 17 тарихи-мәдени кешенді аралайды. -Бүгінгі қорымдардың хронологиясына жүгінсек, оның алғашқы кезеңдерінде оғыз дәуірінің мұралары жатқанын аңғаруға болады. Орта кезінде ноғайлы, соңғы бөлігінде түрікмен қорымдарының іздері жатыр. Діні, тілі бір болған соң бірінен қалған зиратты екіншісі жатсынбай, жалғастыра берген. Қарағашты әулиені көрдік, оның бастау жағында да оғыз мәдениетінің мұралары бар, кейін Бәйімбеттер жалғастырып кеткен. Менің тағы бір көңіл бөлетінім – Едіге батырдың жерленген жері. Бұл жөніндегі ақпаратты естігенімде «Едіге бұл жерге қалай келіп жалғыз жерленді?! деген ойға қалып едім. Сөйтсем мұнда ноғайлының да диаспорасы болғанын байқап жатырмын. 1320 жылы Едіге батыр дүниеден өткенде оны жау арасында тастамайын деп, ағайындары осында әулиелі мекенге жерлеген болуы да мүмкін, - дейді Қазақстанның Еңбек сіңірген қызметкері, жазушы-драматург Әнес Сарай. Ғылыми экспедиция 3 кезеңнен тұрады. Нәтижесінде Маңғыстаудың тарихы, мәдениеті, ескерткіштері жайындағы басылымға арналған материалдар, ғылыми есептер әзірленбек.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="54060,54068,54067,54066,54065,54064,54062,54061"]