©
Ақтауда Жеңістің 73 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысында қаза болған батырларға арналған салтанатты шара өтті.
Мерекелік кеш туған топырағынан шалғайда жүріп майданға аттанған, Днепр өзенінен өтерде ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын алған қаһарман, жерлесіміз Жұмағали Қалдықараевты еске алуға арналды.
Оған облыс ардагерлері, жастар, қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.
Шара барысында жиылғандар батыр жайлы 20 минуттық телефильмді тамашалады.
- "Былтыр Ұлы дала батырлары" қоғамдық ұйымының бастамасымен Белоруссияға батырдың бейітіне барып қайтқанбыз. Бізбен бірге қарындасы Мақпал Қалдығараева, ағайын-туыстары да барды. Сонда арнайы "Ерлікке тағзым" атты телефильм дайындалған болатын. Бүгінгі шараға да сол атауды бердік. Белорусь мемлекетінің Мозырь қаласына бардық. Сол қаланы неміс басқыншыларынан азат етуге 9 Кеңес Одағының батыры қатысқан екен. Соның бірі - жерлесіміз Жұмағали Қалдығараев, осы қалада жерленген, - дейді "Нұр Отан" партиясы Маңғыстау облыстық филиалының кеңесшісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Есберген Іңірбайұлы.
Ұлы Отан соғысына қатысқан Маңғыстау батырларын ұлықтау мақсатында өткен шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов, "Нұр Отан" партиясы Ақтау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сахипов Халиолла құттықтау сөз сөйледі.
Маңғыстау облыстық филармониясының әншілері, Өнер колледжінің студенттері патриоттық әндерді орындап, өнерлерін ортаға салды.
- Белоруссиядан Мозырь қаласынан батырдың басынан топырақ әкелгенбіз. Сондай-ақ, Шопан атада батырға арнап үлкен кесене тұрғызылды. Биылғы мереке қарсаңында оның ашылу рəсімі өтті. Оған республикалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев арнайы келіп қатысты, - дейді Есберген Іңірбаев.
Еске сала кетейік, Жұмағали Қалдықараевтың зиратынан алынған топырақты делегация туған жерге жеткізіп, Ақтаудағы Мәңгілік алау жанындағы батырлар рельефіндегі мүсін тақтасына салынған болатын.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="53582,53583,53584,53585,53586"]