«Жастар үйіндегі» жүздесу кәсіпке қызығатын, өз ісін бастағысы келетін жастар үшін біраз бағыт-бағдар берді.
Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы, Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға өңірге белгілі кәсіпкерлер Ұлболсын Ахметова, Сәуле Жақаева және Сұңғат Мұңалбаев арнайы келді.
Басқосуға түрлі Startup жобаларға қатысушы жастар, Ш.Есенов атындағы КМТжИ Университетінің, Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау гуманитарлық колледжінің студенттері және облыстық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Еріктілер корпусының» еріктілері мен «Жас Отан» жастар қанатының белсенді жастары қатысты.
Олар өздерінің қызықтырғансұрақтарын қойып, кеш қонақтарынан тұшымды жауап алды. Кәсіпте табысқа жеткен тұлғалар алғаш өз істерін бастағандағы кедергілер мен қиындықтарына тоқталып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Кәсіп бастау үшін қандай қасиеттер қажет, неден бас тарту қажеттігін де тілге тиек етті. Жастар олардың табысқа қол жеткізу жайындағы қызықты әңгімелерін тыңдап қайтты.
Ширек ғасыр құрылыс саласында қызмет етіп жүрген Сұңғат Мұңалбаев қандай кәсіппен айналыссаң да, халықтың ризашылығын алуың керек дейді.
- Жас адамға бірден кәсіп ашып, жетістікке жете салу оңай емес, әрине. Тәжірибе жинау, адамдармен қарым-қатынас жасау қажет. Мен кейде қаладағы тамақтанатын орындарда даяршылардың қай өңірден екенін сұраймын. Сонда көбі Шымкенттен, Жамбылдан немесе Қызылордаданбыз деп жауап береді. Жергілікті тұрғындардың ондай орындарда көп жүрмейтінін байқаймын. Негізі ол мамандықты төмен санамау керек. Кей елде даяршы жоғары қызметтердің біріне жатады. Ол тек тамақ пен ыдыс-аяқ тасып жүрген жоқ, сол арқылы адамдармен тіл табысуды үйренеді, түрлі адаммен қарым-қатынас орнатады, көзқарас, пікір қалыптастырады. Мен кәсіпті бастағанда қаражатым да, қажетті техникам да болмады. Бірақ тәжірибем бар еді. Әрі қарай адамдармен араласу арқылы біртіндеп жер де алдым, жұмысқа қажетті дүниелерге қол жеткіздім. Яғни, кәсіп бастау үшін қаржы ғана маңызды емес, адамгершілік қасиеттердің де маңызы зор, - дейді Сұңғат Мұңалбаев.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстаудың киелі жерлері «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясына енедіОблыстық мәслихат депутаты, Жаңаөзен сүт зауытының директоры Сәуле Жақаева да кәсіп ашуға ниетті жастар үшін пайдалы кеңестерін ортаға салды.
- «Көз қорқақ, қол батыр» дейді. Айналайын, жастар, қоғамның саласында жүрген депутат ретінде, бес балалы ана ретінде сіздерге айтарым, еңбектен қашпаңыздар. Оқу бітірген жастардың көпшілігі мұнай саласына барғысы келеді. Ал бізде техникалық сала мамандары жетіспейді, біздің зауытқа білікті технологтар жетіспейді. Мен балаларым 7-8 сынып оқып жүргендерінде бізге даяршы жетпей жатса, оларды әкеліп жасататынмын. Олар бұдан жаман болмайды. Сөйтіп өздерінің алғашқы жалақыларын тапты. Сондықтан ешқандай жұмыстың қиындығынан қашпау керек, - дегенді айтты ол.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="53468,53470"]