Жастар зерттеушінің еңбектеріне қатысты қызықты әңгімелерін тыңдап, сұрақтарын қойды. Кездесуді Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасы ұйымдастырды.
Андрей Астафьев Евгеньевич – Маңғыстау аймағында археологиялық барлау өткізу және жаңа ескерткіштерді зерттеу, есепке алу, құжаттандыру жұмыстарына және Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағында орналасқан ескерткіштерді зерттеу экспедицияларын өткізуде белсенді еңбек етіп жүрген маман.
Ол түбектің тарихы мен айрықша құнды ескерткіштерін насихаттап, «Маңғыстау ескерткіштері» экспозициялық көрмесін және «Ежелгі Маңғыстау мұралары», «Маңғыстаудың киелі орындары», «От киесі», т.б. тақырыптық жылжымалы көрмелерін жасақтауға мол еңбек сіңірді.
Облыстың географиялық және экономикалық ерекшеліктері негізінде Ақтау қаласында тарихи-мәдени парк – ашық аспан астындағы мұражай ашу туралы идея қозғап, парктің тақырыптық-құрылымдық жоспарын жасақтауға ат салысты.
Андрей Астафьев 2017 жылы Новосібір мемлекеттік университетінің археологы Е.Богдановпен бірлесіп, алан тайпасына тиісті болуы мүмкін «Алтынқазған» діни-қабірлеу кешенінде зерттеу жұмыстарын жүргізген.
Ғылыми-зерттеу жұмыстары бір төбе болатын Астрахань облысының тумасының Маңғыстауға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Жастарға туған жерді сүюді, танытуды, зерттеуді мақсат еткен шарада студенттер мол маңызды мағлұмат алып қайтты.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мал ұрланбасын десеңіз — чиптеңіз