Төтеншеліктердің апаттық жағдайларға дайын екенін бүгінгі оқу-жаттығу дәлелдеді. «Көктем 2018» атауымен өткен республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы облысымызда жалғасын тапты. Оған 190 адам, 75 техника мен арнайы техника тартылды. Мақсат - төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, сондай-ақ көктемгі кезеңге дайындық іс-шараларын пысықтау.
Әсіресе, көктем шыға қар еріп, жауын-шашынның жиілеуіне байланысты су басу оқиғаларына қарсы тұру. Маңғыстауда мұндай қауіптің орын алу қаупі жоқ, дегенмен төтеншеліктер тас-түйін дайын екендіктерін жеткізді.
«Бүгінгі шараның мақсаты – көктем мезгіліндегі қар еру, жауын-шашын әсерінен су басудың алдын алу, соған дайындық жүргізу. 70-тен астам техника, 200-ден астам жеке құрамы бар. Бұл жылы облыс аумағында қалың қар болған жоқ, дегенмен көктемгі жауын-шашында су басу оқиғасы орын алады. Әсіресе, Мұнайлы ауданы, Жаңаөзен қаласында жиі кездеседі. Кез келген уақытта дайын болуымыз керек», - дейді ТЖД басшысының орынбасары, полковник Манарбек Мұханбетов.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Алғыстың үлкеніСу басу жиі ұшырасатын Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қаласындағы келеңсіз жағдайлар бас-аяғы 3-4 күнде ауыздықталады дейді мамандар. Мұның алдын алу мақсатында дренаж салу жұмыстары қолға алынған. Қазір қала ішінде жоспарланған 12 дренаждың 10-ы салынып, екеуі салыну үстінде екенін жеткізді олар.
«Көктемгі су басуға қарсы іс-қимыл шараларына Маңғыстау облысы дайын. Жаңа ғана барлығын көріп шықтық. Техникалары, азық-түлік, қызметкерлері сақадай-сай деуге болады. Облысымызға аса қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен барлық жағдайға дайынбыз. Қажетті құрал-жабдықтармен, жұмысшылармен қамтамасыз етілді», - дейді МО әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов.
Су тасқыны, су басулар мен су жайылулар шарттарындағы іс-қимылдарға әзірлік шаралары ертең де жалғасын табады. Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жүргізіліп, тағы бір пысықталды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="49603,49605,49606"]