Бүгін Абай атындағы мәдени демалыс кешенінде Алғыс күніне арналған мерекелік кеш өтті. Көктемнің алғашқы күнімен және Алғыс күнімен орайластырылған шара қайырымдылық бағытта ұйымдастырылды.
Бұған дейін облысымызда «Асар» қайырымдылық акциясы бастау алған еді. Ол науқаннан жиылған қаржы мұқтаж жандардың арманын орындауға жұмсалмақ.
Кешке 500-дей халық көрермен ретінде қатысты. Олардың қатарында кәсіпорын, мемлекеттік мекемелер өкілдері, облыс, қала басшылары мен тұрғындар бар. Концерт билеттерінен түскен ақша емделуді қажет ететін мүгедек үш баланың еміне берілді.
"Сахнада шетіндегі жүректің бейнесін көріп отырсыздар, соған облыстық туберкулез диспансерінің, сәбилер үйінің, балалар ауылының тұрғындарының армандары жазылады. Бүгін сіздер ол армандарды естіп және олардың қалай орындалғанына куә боласыздар. Ол армандарды жүзеге асыруға меценаттар, демеушілер қолдау көрсетті", - дейді Қазақстан Халқы ассамблеясының Маңғыстау облысы хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина.
Қайырымдылық концертте этно-мәдени бірлестіктің, Абай атындағы мәдени демалыс кешенінің, облыстық филармонияның өнерпаздары өнер көрсетті.
Сондай-ақ Алғыс айту күніне орай Қазақстан Халқы ассамблеясының Маңғыстау облысындағы этно-мәдени бірлестігінің өкілдері де түгелдей дерлік осында бас қосты. Олар бір-біріне, қазақ халқына, елге, жерге лебіздерін айтып, алғыстарын жаудырды. Солардың бірі – 44 жылдан бері Маңғыстауды мекен еткен әзірбайжан ұлтының өкілі Рафиға Исмайылқызы.
- Мен Ақтауға 1974 жылы көшіп келдім. Мұнда мені нанмен, тұзбен өте жақсы қарсы алды. Маған жалғыз екенімді байқатқан жоқ. Қазір қызым қазақ жанұясының келіні. Немерелерім қазақ, орыс, әзірбайжан тілінде сөйлейді. Бұл елде бейбіт өмір сүріп жүргеніміз үшін Елбасына, қазақ халқына мың алғыс. Барша халықты көктемнің алғашқы күнімен, Алғыс күнімен құттықтаймын, - дейді Әзірбайжан этно-мәдени бірлестігінің мүшесі.
Мерекелік кешке Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов арнайы қатысып, жиналғандарға ыстық ықыласын білдірді. Концерт билеттерінен түскен қаржыны Абылай, Бақтияр, Шаттық есімді бүлдіршіндердің емдік шаралары үшін ата-аналарына табыстады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ