©
Бұл жөнінде кеше 6-сайланған облыстық мәслихаттың кезекті 16-сессиясында айтылды. Сессияның күн тәртібінде 12 мәселе қаралды. Оған депутат Н.Тумышев төрағалық етіп, Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов, әкімнің орынбасарлары, департаменттер мен басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері қатысты.
Сессияда жастарды еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне тарту жұмыстарына байланысты облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Бауыржан Тұяқов, сондай-ақ облыстық ішкі істер органдары жергілікті полиция қызметінің жұмыстары жайлы жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Ұлықбек Мылтықов баяндама жасады.
Б.Тұяқовтың айтуынша, облысымызда бүгінгі таңда 14 пен 29 жас аралығындағы 159787 жас бар, бұл жалпы облыс тұрғындарының 25% пайызын құрайды.
- Жастар арасындағы жұмыссыздықты жою мақсатында 2017 жылы «Жаңа серпін» орталығы арқылы барлығы 294 жас оқытылды. Бұл жоба бойынша 244 жас, жұмыспен қамту органдары арқылы 6437 жас жұмысқа орналасты. Жалпы 2913 жас жұмыссыз ретінде тіркелген, - деп атап өтті ол.
Ұлттық біріңғай тестілеуден шектік балл жинай алмаған түлектерді одан әрі оқыту, жұмысқа орналастыру шаралары да жүргізілген. Сондай-ақ өткен жылы спортпен шұғылданатын жастарды қолдау, олардың қатарын көбейту мақсатында қалалар мен аудандарда 12 спорттық алаңдар салынып, 50 мектепке спорттық жабдықтар алынған.
2016 жылы өлкеде 316 жастың отбасы бұзылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 965-ке жоғарылаған.
Былтыр «ЭКСПО-2017» көрмесіне өңірімізден 50 жас ерікті ретінде қатысқан.
Осы орайда сөз алған депутат А.Меңдібаев спортпен шұғылданатын жастар қатарының көбеюін оларға жағдай жасалып, спорттық нысандардың көбейіп жатқанымен байланыстырды. Сондықтан жастарды жұмысқа орналастыру, орталық жұмыстарын жандандыру, оларға барынша қолдау көрсету қажеттігін алға тартты.
Қоғамдық орындарда, көшелерде орын алған қылмыстардың 175-і ізін суытпай ашылған. 161502 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 832 млн. 146 511 теңге айыппұл салынды. Оның 560 млн 110088 теңгесі өндірілген. Бұл жөнінде жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Ұлықбек Мылтықов өз баяндамасында атап кетті.
Өткен жылы республикалық тас жолдардағы жол-көлік оқиғасы (16,1%), қаза болғандар (27,5%) және жарақат алғандар (26,1%) саны біршама төмендегінін қаперге берді.
- Жүктемелерді және өзге де облыстарды салыстыра талдау нәтижесінде облыста 658 827 халық санына шаққанда учаскелік полиция саны 312 болуы керек. Ал қазіргі таңда облыс бойынша 175 учаскелік полиция инспекторы қызмет атқарады. Көрсетілген негізде қосымша 210 учаскелік полиция инспекторы және 177 көмекшісі, барлығы 390 қызметкер қажет. Сонымен қатар Қарақия, Маңғыстау, Түпқараған және Бейнеу ауданында жол-потрульдік полияция бөлімшелерінде жөндеудің жоқтығы. Аталған мәселені облыстық бюджетке енгізуді сұраймын, - деді жергілікті полиция бастығы Ұ.Мылтықов.
Сессияның күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – облыстық мәслихаттың 17-сессиясының төрағасын сайлау болатын. Оған Д.А.Клинчев сайланды.
Сондай-ақ жиында Маңғыстау облысының Құрмет грамотасымен марапаттау, жасыл-желекті күтіпұстау мен қорғау, аймақты абаттандыру қағидалары да талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Отырыс соңында сөз алған облыс әкімі Е.Тоғжанов айтылған мәселелерге қамтып, қорытындылады. Жоспарлар талқыланып қана қоймай, оны жүзеге асыруға, нәтижесіне жіті көңіл бөлу керектігін баса айтты.
«Елімізде хиджаб мәселесін шешкен жалғыз облыс болса, ол – Маңғыстау», - дегенді айтқан аймақ басшысы ол мәселенің әлі де бақылауда, күн тәртібінде тұрғанын ескертті. Өңірдегі өзекті мәселелерді тиісті қадағалап, шешімдер қабылдау мақсатында алда тұрған міндеттерге тоқталды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ