Бұл туралы бүгін «Жаңа серпін» КММ-нің директоры Рысбаев Қайрат Ерсұлтанұлының қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды. Жиында орталықтың биылғы жылы қыркүйек айына дейін атқарған жұмыстарына есеп берілді. Оған орталық басшысы, «Жаңа серпін» бойынша жұмысқа орналасқан азаматтар мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Жаңа Серпін» бағдарламасы 2014 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен жасақталған. Бағдарлама аясында халыққа қызмет көрсету мақсатында «Жаңа серпін» орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды.
Мекеме аймақтағы жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту, қайта даярлау, біліктілігін арттыру жұмыстарын ұйымдастырып, жұмысқа орналасуына ықпал етеді. Бұл ретте атқарылған істің нәтижесін орталық директоры нақты атап айтты.
-2015 жылы 174 Қарақия ауданы, Жаңаөзен қаласының азаматтары оқытылды. 2016 жылы 309 адам оқып, 481 адам жұмысқа орналастырылды. Яғни, біз оқудан тыс, оқытпай да жұмысқа жібере аламыз. Ал биыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 253 адам оқып, 465 адам жұмыспен қамтылды. 156 адам өндірістік тәжірибеге жолданды. 288 адам жатақханада тұрып жатыр, - дейді Қайрат Рысбаев.
«Жаңа серпін» бағдарламасы тек Маңғыстау облысына арналған өңірлік бағдарлама. Кәсіпорындар сұранысына сай мамандарды даярлап, біліктілігін арттыруды және олардың жатақханамен қамтамасыз етілуін қолға алады. Бағдарлама бойынша өндірістік тәжірибеден өткен мамандардың еңбек кітапшасына еңбек өтілі жазылады және сол кәсіпті игеріп шыққандығы жөнінде мінездеме беріледі. Әрі қарай тәжірибесі бар маман ретінде өзін кез келген орынға ұсына алады.
-«Жаңа серпін» аясында оқытылатын мамандықтарға шектеу қойылмайды. Алайда біз басымдықты ірі өндірістік кәсіпорындарына қажет техникалық кәсіптерге беріп отырмыз. Сондай-ақ, барлық азаматтар тегін жатақханамен қамтамасыз етіледі. «Жаңа серпін» құрылған кезде 160 орындық жатақхана болатын. Қазір олардың қатары көбейді. Жақында ҚР Конституция күніне орай, 500 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Ол толығымен осы бағдарлама арқылы оқып, жұмыспен қамтылған немесе өндірістік тәжірибеге жолданған азаматтарға ғана беріледі. Одан бөлек 145 орындық жатақхана берілді. Оның 125-і бойдақ азаматтарға, 20-сы отбасылы жандарға арналған, - дейді Қайрат Рысбаев.
Баспсөз жиынына бағдарлама бойынша біліктілігін арттырып, жұмысқа орналасқан азаматтар да қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті. Мәселен, ұзақ уақыт жұмыссыз жүрген Жанат Шораханова қазір теңіз саласының алдыңғы қатарлы мамандарының бірі.
-Мен Жетібай ауылының тұрғынымын. Біраз уақыт жұмыссыз жүргендіктен, Қарақия ауданының жұмыспен қамту орталығына барып тіркелдім. Сол жерден маған «Жаңа серпін» бағдарламасы бойынша ұсыныс жасады. Сөйтіп 2016 жылдың наурыз айында Ақтау солтүстік теңіз терминалына сұқбаттасуға жіберді. Ал маусым айында іріктеуден өтіп, 27 маңғыстаулық Ресейдің Санкт-Петербург қаласына бір айлық курсқа аттандық. Тальман, докер мамандықтары бойынша оқып, тәжірибеден өттік. Біздің жол шығынымыз бен оқу ақымызды толықтай өтеді. Санкт-Петербург қаласының теңіз портында сынақтан өтіп, сертификатты маман болып келдік. Барлық оқып келген азаматтар 2016 жылдың қыркүйек айында Ақтау солтүстік теңіз терминалына жұмысқа орналастырылды. Бір жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеміз, - дейді Жанат Шораханова.
Орталық басшысының айтуынша, «Жаңа серпін» бағдарламысмен жұмысқа орналасқан азаматтардың ең төменгі жалақы көрсеткіші – 55 мың болса, ең жоғарғысы – 350 мың.
Енді жыл соңына дейін қосымша 70 адамды оқытып, 150-200 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="35576,35577,35578,35579,35582"]