«Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалының ұйымдастыруымен облыстық мәслихат депутаттарының, жергілікті билік және мердігер компания өкілдерінің қатысуымен «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын түсіндіру бойынша тұрғындармен кездесу өтті. Мемлекеттік бағдарламаны түсіндіруге келген халық қалаулыларына «ә» дегеннен 33 шағынаудандағы 19, 20, 21, 22 үйлердің тұрғындары мәселелерін айтып, шағымдарын жеткізді.
Тұрғындардың айтуынша, пайдалануға берілгеніне бір жыл болған тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейді. Ол аз десеңіз, электр энергиясы жиі өшіп қалатындықтан тұрғындар ыстық тамақ ішуден де қалған. «Жауапты мамандар үйді қабылдап алғанда кемшіліктеріне көз жұма қараған», - дейді тұрғындар.
- Біздің жанайқайымызға облыс әкімі назар аударса дейміз. Өйткені бұған дейін облыс, қала әкімінің орынбасарларына, депутаттарға бірнеше рет арыз жаздық, кейбіреулерімен кездестік. «Нұр Отан» партиясына, құзырлы органдардың барлығына арыздандық, сол күйі барлығы да үнсіз. Газды өз күшімізбен, айқаймен қостырып алдық. Үйдің ішкі құрылысының сапасы - өте нашар. Электр желілерінің сапасы сын көтермейді, электр энергиясы да уақытылы берілмейді. Жарық жиі өшіп қалады. Тек қана электр энергиясына 25 мың теңге кетеді, коммуналдық төлем айына 50 мың теңгеге шығады. Төлейтін несиемізден де жоғары. Үйдің құрылысын салғанда негізгі қателік сәулетшіден кеткен деп топшылаймыз. Үйді «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы алдық. 2016 жылдың маусым, шілде айларында қоныстандық. Басында үйдің кілтін тапсыру кезінде тұрғындардың келісімінсіз 4 үйге тұрғын үй пайдалану кеңсесі (ЖЭК) сайланып, актімен қол қойдырып, келісімшарт жасалған. Мен кілтті алғаныммен қол қоймаған адаммын, ал көпшілігі қол қойған. Енді көріп отырған күніміз мынау?! - дейді 19 үйдің тұрғыны Абай Қонысбек.
Тұрғындар бір жылдың ішінде үйдің ішкі қабырғалары әбден тозғанын, едендері шірігенін айтады. Бөлмелер қыста қатты суық болғандықтан, тұрғындар қабырғаларының да көгергенін ашына жеткізді. Қанша жыл тірнектеп жинаған қаражаттарының желге ұшқанын, қолжетімді баспанаға ие болғандағы қуаныштарының көп ұзамай су сепкендей басылғандарын айтты.
- Қыс басталғанда жоғары қабаттарда қатты суық болды. Үйдің ішінде емес, далада отырғандаймыз. Үйлерде желдеткіш (вентилиция) жоқ. Көрші үйдің қандай тамақ пісіргенін де, басқасын да иісінен біліп отырамыз. Қалай қабылдап, тұрғындарды қалай орналастырғанын түсінбейміз?! Сапасыз құрылыстың қиыншылығын қарапайым халық көріп отыр, - дейді Гүлжанат Сағынбаева.
Тұрғындардың шағымын тыңдағаннан кейін бұл жөнінде Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Өркен Бисақаевтың пікірін білгенді жөн көрдік. Бір сағаттан астам уақыт тұрғындардың арызын тыңдаған билік өкілі біздің сауалдарымызға жауап беруден бас тартты. Тек үйдің «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы ғана берілгенін, үйдің құрылысына, тұрғындардың наразылығына қалалық әкімдіктің ешқандай қатысы жоқ екенін жеткізді.
«Баспанаға қол жеткіздік, енді өзіміздің тыныштық сыйлар ұямыз бар» деп қуанған тұрғындардың қуанышы көпке созылмағаны рас. Маңдай терімен табыс тауып, сол қаражатына үй сатып алған қарапайым халық осылай жапа шегетін болса, «сапасыз баспананың» кімге керегі бар?! Тұрғындардың тілегі - осы іске облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы тікелей араласса дейді. Құзырлы орган мәселенің оң шешімін табуына көмектесіп, тұрғындардың жан-айқайы, өтініші жерге қалмайды деп сенеміз.
Венера МИРЛАН,
Суреттерді түсірген автор