Атамекен кәсіпкерлік палатасында өңірдегі қуаңшылыққа қатысты бірнеше мәселе талқыланды. Бұл жиынға ҚР Парламентінің Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мусабаев және кәсіпкерлер қатысты.
Маңғыстаудағы қуаңшылық мәселесін шешу үшін жасанды жолмен жаңбыр жаудыру әдісін қолдану туралы ұсыныс айтылды. Бұл технология біздің елімізде алғаш рет қолданылмақ. Жоба құны 500 миллион теңгедей болмақ. Оған бюджет қаражатымен қатар кәсіпкерлердің демеушілігі де тартылсын деген ұсыныс жасалды.
Технологияны қолданып қолдан жаңбыр жаудыру керек. Өйткені мәселені шешудің басқа жолын көріп отырған жоқпыз. Табиғаттың өзі өзгеріп, жауын-шашын мөлшері көбеймесе малға да, жанға да қиын болайын деп тұр. Осы климаттық технологияларды Маңғыстау облысында тәжірибеден өткізіп, оның мүмкіндігін қарауды шештік. Облыс әкіміне, ауыл шаруашылық министрлігіне, экология министрлігіне ұсыныс жасаймыз. Осы технологияны мақұлдаудан өткізуіміз керек. Мамандар алдын ала есеп бойынша 2 миллион еуро қаржыға 1 жыл бойы іс-тәжірибеден өткізуге мүмкін екенін айтып отыр, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.
Жаңбыр жаудыру 40 жылдық тарихы бар технология. Оны Араб елдерінде, Еуропа мен Зеландия, Үндістанда жүзеге асырып келеді. Мамандардың тұжырымы бойынша Маңғыстауда да су ресурстарын, ылғалды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Аспандағы атмосфераны нығайтады, бұлттарды түзеді, жаңбыр жаудырады. Болып жатқан табиғи процестерді басқару. Өтіп жатқан суды керек жерге түсіру. Ешқандай химия жоқ. Одан климат өзгеріп кетпейді, - деді жоба жетекшісі Алтай Айнабек.
Мамандар соңғы 20 жылдағы метереологиялық ақпараттарды жинайды. Содан кейін қай айда, қандай жаңбыр мөлшері болуы керек жөніндегі тапсырма алады.
Махаббат Нұржанқызы
Суреттерді түсірген Талант Құсайын