Иорданияның Амман қаласында 21-22 мамыр күндері таеквондодан азиялық іріктеу турнирі өтеді. Оған маңғыстаулық Қайрат Сарымсақов қатысады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы таеквондодан Қазақстан құрама командасының аға жаттықтырушысы Батырбек Есдәулетов бізге берген шағын ақпаратында былай деді:
«Құрамадағы көшбасшы спортшымыз Қайрат Сарымсақов 68 кг салмақта ел намысын қорғайды. Алда өтетін турнирде Қайратқа сәтті өнер көрсетіп, Токио олимпиадасының лицензиясына қол жеткізіп, Қазақстанның абыройын асқақтатып, қуаныш пен аман-есен ауылға жеңіспен келсін деп тілеймін».
Қазір құрама команда Алматыда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.
Қайрат Оразұлы Сарымсақов 1989 жылғы 31 мамырда дүниеге келген. Таеквондомен тоғыз жасынан бастап айналысады. ҚР-ның еңбегі сіңген шебері. Осы жылдар ішінде өз орнын тұрақты қорғап келе жатқан спортшы. Ол – жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері (Алматы, 2005); Ересектер арасындағы Азия чемпионатының да екі дүркін қола жүлдегері (Хэнань, 2008; Хошимин, 2012). Сондай-ақ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері (Инчхон, 2014); әлем чемпионатының екі рет қола жүлдесін жеңіп алған (Муджу, 2017; Манчестр, 2019).
Жеке бапкері – Ислам Серік.
Лицензиялық турнирде Қайрат Сарымсақовқа сәттілік тілейміз!
Айбек МҰХАНОВ,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы