Мұнайлы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен бос жұмыс орындардың жәрмеңкесі өтті. Жақында ғана ақын Фариза Оңғарсынованың есімі берілген аудан орталығындағы мәдениет үйінің кіреберіс дәлізіне жиырмаға жуық жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен мемлекеттік мекеме өкілдері жайғасқан.
Жәрмеңкеде барлық санитарлық талап, қатаң бетперде режимі сақталды. Ғимаратқа оннан көп адам кіргізілмеді.
«Аудандағы жұмыссыздық деңгейін төмендету – ең басты мәселелердің бірі. Мұнайлы ауданы әкімі Рахат Тезекбайұлының тікелей тапсырмасына сәйкес бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырдық. Аудан тұрғындары белсенді қатысты. Адам саны шамамен 250-300-дей болды. Ғимаратқа барлығының дене температурасын өлшеп, бетперде режимін сақтап, 10 адамнан кіргізіп тұрдық. Жәрмеңке – жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің арасындағы ең оңтайлы платформа. Себебі өзінің іздеген, қолынан келетін мамандығын жолықтырған тұрғын бірден жұмыс берушіге түйіндемесін қалдырып кетіп жатты», - дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлбақыт Ақниязова.
Сонымен дәл қазіргі сәтте біздің ауданға білікті балабақша тәрбиешілері, аспаздар мен ұсталар керек. Мәдениет саласы бойынша аудандағы бір емес бірнеше мәдениет үйіне үйірме жетекшілеріне бос орындар бар. Аудандық білім бөлімі мен құрылыс бөліміне мемлекеттік қызметкерлер де қажет.
«Балабақшаға тұрақты жұмысқа жақсы ұста алғым келеді. Сондай-ақ балаларға биден сабақ беретін хореографтар керек. Егер осындай мамандар болса, штатқа, әлеуметтік қамтамасыз ете отырып, жұмысқа алуға дайынбыз», - деді жеке кәсіпкер Ғалия Зұлқарнаева.
«Негізгі мамандығым – электрик. 2015 жылы оқуымды аяқтадым. Бірақ мамандығым бойынша жұмыс істеген жоқпын. Тәжірибем жоқ. Өткен жолы «Теңізшевройл» жұмысқа маман қабылдаған кезде барған едім. Алайда «еңбек кітапшасы, еңбек өтілі болуы керек» деген шарттары болды. Сондықтан жұмысқа орналаса алмадым. Енді аудандағы осы бөлімнің арқасында «Теңізшевройл» - да оқытып, жұмысқа алуға мүмкіндік бар екенін естіп, тіркелуге келдім. 3 ай білімімді толықтырсам, өзіме де жақсы болар еді», - деді аудан тұрғыны Әділбек Ерғожин.
Тойгүл НҰРЖАНҚЫЗЫ