Маңғыстау облысында сұйытылған газ мәселесі өршіп барады. Бірнеше газ құю бекетінің қожайыны «мәселенің шешілетін түрі жоқ деп» журналистерден көмек сұрады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтаудағы сұйытылған газ мәселесі тек тұрғындар үшін емес кейбір кәсіпкерлер үшін де қиын болып отыр. Газ желісі ұйымы арқылы дайын өнім алып отырған кәсіпкерлердің бір айлық көлемі бүгінде 8 тоннаға әрең жетеді. Жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда төрт пайызға азайған. Жиналғандар мәселенің күрделеніп бара жатқанынан әкімдік те, министрлік те құлағдар болса да газ көлемінің әлі де реттелмей келе жатқанына наразы.
Энергетика министрлігіне мынадай сұрағым бар: газ неге бәріне теңдей бөлінбейді? Өзімізге бөлінген көлемді 2-3 күнде сатып бітіреміз де, қалған күндері жабық тұрамыз. Әділдік жоқ, бұл нарықта жемқорлыққа жол бермеу керек. Барлық кәсіпкерге бірдей бөлінбегендіктен халық осылай сағаттап кезекке тұрып жатыр, - дейді кәсіпкер Хадиша Имашева.
Біз 2018 жылдан бері Астанаға да бардық, министрлікке де 10-15 рет хат жаздық. Бірақ нәтиже жоқ. Газ желісі ұйымдарын жабу керек деп талап етіп отырмыз, - дейді кәсіпкер Тағанияз Боқанұлы.
Заңды өзгертпей-ақ қойсын, бізге тек бір қосымша енгізіп берсін. Егер де газды тұтынушылар зауыттан 200 км алыс орналасса газ желісі ұйымдарымен алсын. Ал егер 200 шақырымнан аз орналасқан біздер тіке зауыттан алайық. Заңға солай қосымша енгізіп берсе, біз баяғыша зауыттан тіке алғымыз келеді. Ал газ желісі ұйымдарында қанша газ құю бекеті бар, соған ғана тиісті газын алсын. Сонда облыста мәселе шешіледі, - дейді кәсіпкер Олжас Тауболғанов.
Алғашында плакат ұстап шықпақшы болған кәсіпкерлер полиция өздерін қорқытқанын да жасырмады. Тәртіп сақшылары мен «мәселені шешеміз» деуден жалықпайтын әкімдік өкілдері топтасқан жұрттың базынасынан қорықты ма әйтеуір кәсіпкерлер жиналған жерге шақырусыз-ақ келе қалды. Алайда, еститін жауаптың өзгеретін түрі жоқ. Облыстық энергетика басқармасы бұл мәселені үш айдан бері білсе де он бес күнде қарап, бір ай ішінде министрлікке жеткізетінін айтып отыр.
Талаптарын айтты, газ желісі ұйымдарын алып тастауды айтып отыр. Ұсыныстарын облыс әкімінің канцеляриясына тапсырады. Соны қарап, біздер жауап береміз, ары қарай энергетика министрлігіне жолдайтын боламыз, - Маңғыстау облыстық энергетика басқармасының өкілі Бауыржан Ерпанов.
Ал бұл мәселе шешілмесе келесі жылы да 200-ден астам газ құю бекеті бір айдың 27 күнінде жұмыссыз отыруы мүмкін.Кәсіпкерлер электронды сауда алаңындағы келеңсіздіктерді жою керек деген талап қойып, министрліктен сағызша созылған проблемаға тезірек нүкте қоюын сұрайды.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ