Маңғыстау облысында теңіз жаяу әскерінің 600 сарбазы запасқа шығарылды. Ақтау гарнизоны әскери бөлімінің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаздардың жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл бойы әскери қызметшілер әскери мамандықтарын игеріп, жауынгерлік даярлықта үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Оның ішінде «Бекет – 2020» оқу-жаттығуында да жоғары жауынгерлік машықты көрсетті.
Айта кетейік, шара Қарулы Күштер ардагерлері мен қаладағы құрметті қонақтардың қатысуынсыз өтті.
Қызметке адалдығы, оқу-жауынгерлік міндеттерді сапалы орындағаны үшін бірқатар әскери қызметшілер грамоталармен, алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ оларға қызмет туралы естелік үшін фотоальбомдар мен сувенирлер табысталды.
«Біз бір жыл ішінде нағыз Отан қорғаушылар болған, қажетті дағдылар мен білім алған жауынгерлерімізді үйге жібереміз. Сіздерге зор денсаулық, табыс және отбасыларына аман - есен оралуын тілеймін», - деді батальон командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Бақтияр Нұрмұхаш.
Дәстүр бойынша мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер соңғы рет теңіз жаяу әскерінің әнұранын шырқап, әскери бөлімнің плацы бойынша салтанатты маршпен өтті.
Ақтау гарнизонының баспасөз қызметінің айтуынша, алдағы уақытта тек Ақтау гарнизонынан ҚР Қарулы Күштері әскери бөлімдерінің мерзімді қызметтегі 1 000-ға жуық әскери қызметші запасқа шығады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА