«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы онлайн форматта өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді қарады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Биыл 9 ай қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемі – 14,9 млрд теңге. Статистикалық мәліметке сәйкес, облыста жұмыс істеп тұрған 2 559 шаруа қожалығы бар. Аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, 2020 жылға болжам бойынша 60,0 мың тонна шөп және 29,0 мың тонна жем дайындау жоспарланған болатын. Қазіргі таңда 22 бригада және өзге облыстардан тасымалдар арқылы 26,6 мың тонна шөп және 22,8 тонна жем дайындалды.
2019 жылы 874,5 гектар суармалы жерлерге, оның ішінде 790 гектарына тамшылата суару әдісімен, басым бағыттағы көкөніс-бақша дақылдары өсірілді. Нәтижесінде 21 613,4 тонна өнім жиналған болатын. Оның ішінде 12 917,2 тоннасы бақша дақылдары және 8696,2 тонна көкөніс өнімдері.
Ал 01.08.2020 жылғы статистикалық мәлімет бойынша 890,7 гектарға егіс егілді. Нәтижесінде 22 000 тонна өнім алынады деп жоспарланып отыр. 2020 жылы Облыс әкімімен бекітілген «Облыс экономикасының шикізаттық емес секторын дамыту жөніндегі 2020 жылға іс-қимыл жоспарына» сәйкес облыстағы жылыжай кешенін 7 гектарға арттыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл соңында жылыжай кешенінің көлемі 34,4 гектарға жететін болады.