Мұнайлы ауданында орналасқан «Алтын бесік» балабақшасының иесі жұмысшыларына 3 жыл бойы жалақыларын түрлі сылтаумен бүгінге дейін бермей келген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жұмысқа тұрғаннан-ақ жарытып жалақы алмаған бірнеше қызметкер алғашында еңбекақы бірнеше айға кідіргенін айтады. Жұмыс көлемі артқанымен тиесілі қаржы төленбей, кәсіпкер ұжыммен қоса ғимаратты жалға берушіні де сан соқтырып биыл қаңтарда ақыры балабақшаны жауып тыныпты.
2017 жылдан бері ақшамызды берген жоқ. Қазір менің алатын ақшам 522 мыңға шығып тұр. Айлығын ала алмай жүрген 13 адам бар, - дейді балабақша қызметкері Камила Сахауова.
2020 жылға дейін ғимаратты жалға алғаны үшін 6 млн 800 мың тг қарыз. Қарызын іздеп келетіндер көп. танымаймын көбісін, - дейді жалға беруші Алмагүл Баймұхамедова.
Балабақша қожайыны жалақының төленбегенін «әкімдік тиісті субсидияны бермеді» деп түсіндірген. Жиналғандар ауыл әкімінен де мәселені шешуге көмек сұрапты. Алайда, әкімдікте қаражаттың толық өтелгенін айтып отыр. Ал кәсіпкер балабақшаны жалға алу құны бастапқы сомадан көбейгені қиындық тудырғанын айтады.
Маған толық 20 күн уақыт берсе, қарыздарымды бөліп төлеп құтыламын. Банктен несие алып төлеп бергім келген, шоттарым бұғатта тұрғандықтан ала алмадым, - дейді "Алтын бесік" балабақшасының бұрынғы басшысы Жансая Абдуллаева.
Балабақша қызметкерлері үш жыл бойы әр нәрсені сылтауратқан бұрынғы басшыларының сөзіне сенбейтіндерін айтады. Енді олар сотқа арызданудан басқа амал қалмады деп отыр.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ