Ақтауда коронавирустық инфекцияның жаңа фактілері тіркелуде. Қыркүйек айында ғана облыс бойынша нөлдік көрсеткіш болса, жақында қауіпті індетті жұқтырған 3 адам анықталды. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті.
Оның айтуынша, жергілікті тұрғындардың тығылып үйлену тойларын жасауы, карантиндік шектеулерге қарамастан отбасылық мерейтойлар мен еске алу, ас сияқты шараларды өткізуі қауіпті індетті жұқтырғандардың тіркелуіне себеп болған.
«2020 жылдың 17 тамызынан бастап 23 мониторингтік топ жұмыс істеді. Осы аралықта 1900 нысан жұмысын жаңғыртты, барлығы 294 нысанға рейдтік тексеру жүргізілді. Ал, 17 тамыз бен 7 қазан аралығында Ақтауда - 55, Жаңаөзенде - 61, Мұнайлыда - 66, Бейнеуде - 30, Қарақияда – 20, Түпқарағанда -0. Маңғыстау ауданында - 62 рейдтік тексеру жұмысы жүргізілді. 6 шілдеден бері 130 айыппұл салынды, сомасы 14 931 750 тг. Оның ішінде 17 карантин режимін, 12 отбасылық шаралар, 70 маска режимін, 31-і дезинфекция режимі», - деді Ғ.Надуев.
Карантин режимі басталғалы полиция басқармасының қызметкерлері де мобильдік топтың мүшелерімен бірлесіп рейд жүргізді. Қауіпсіздік ережелеріне құлақ аспай, белгіленген уақыттан кейін жұмыс уақытын тоқтатпаған нысандарға айыппұл салынды.
«Кафе, мейрамхана моншалар, шаштараздар, жабық күйде орналасқан объектілер тексерілді. Нәтижесінде 894 заң бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде бірлескен мобильді топтармен – 239 құқық бұзушылық, Ішкі істер органдары қызметкерлерімен – 655 құқық бұзушылықтар анықталып, 130 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ, шектеу шараларына қарамастан мерекелік және садақа іс-шараларын өткізгені үшін 13 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, әкімшілік айыппұл салынды», -деді Маңғыстау облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қалдымұрат Айғарақов.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында карантин және шектеу шаралары кезінде 24 мобильді мониторинг топ құрылып, облыс көлемінде 100 адам жұмылдырылды, оның ішінде: полиция – 28, СЭС – 20, жергілікті атқарушы органдары (әкімшілік) – 25, СМИ – 2, қоғамдық көмекшілері – 10, волонтерлар – 15 адам.