Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында электр энергиясына тариф ендігі жылдың наурыз айына дейін өзгермейтін болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы ҚР табиғи монополияларды реттеу комитеті аймақтық департаментінің басшысы Жандос Сәлімов мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірде екі елді мекенді тоқпен жабдықтауға жеке компания жауапты. Серіктестік өкілдері осы жаздан бастап тарифті көтеру туралы ұсынысын өкілетті органға жазбаша түрде жолдаған. Алайда, өңірлік табиғи монополияларды реттеу департаменті сұранымды кері қайтарып, келер көктемге дейін тариф өзгеріссіз қалды.
«Маңғыстау облысындағы елді мекендерді токпен жабдықтауға 7 мекеме жауапты. Олар қалалық энергокомбинат өндірген электр энергиясын тасымалдаумен айналысады. Биыл 29 маусымда энергетика министрлігі шығарған жарлыққа сәйкес елімізде тариф өзгергені мәлім. Осыған сай энергокомбинат қолданыстағы бағаны 12 теңге 12 тиыннан 13 теңге 10 тиынға көтерді. Жоғарыдағы сұранымның туындауы да осы себепті. Алайда серіктестік ұсынған құжаттарға қатысты сұрақтар болды. 16 қыркүйекте Елбасы төрағалығымен қауіпсіздік кеңесінің отырысы өткенін де білесіз. Тарифтің орынсыз көтерілуіне жол бермеуге қатысты айтылған Президент тапсырмасы біздің осы шешімді қабылдауымызға түрткі болды»,- деді Жандос Сәлімов
Айта кетейік, бір ай бұрын облыс орталығында осы тақырыпта қоғамдық тыңдау өткен еді. Жиында әлгі компанияның электр қуатының бағасын Мұнайлы ауданында 14 теңге 43 тиыннан 15 теңгеге, ал ақтаулықтар үшін 15 теңге 96 тиыннан 16 теңге 83 тиынға көтеруге ниетті екені айтылды.