Бүгін Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмов Түпқараған ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Алдымен аймақ басшысы Ақшұқыр ауылында 600 орынға арналған орта мектептің құрылысымен танысып, жаңа оқу жылына дайындығын пысықтады. Жаңа мектеп құрылысы 2019 жылдың шілде айында басталған. Мердігер мекеме «Альянс LTD» ЖШС.
Сондай-ақ, Түпқараған ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» 2020 бағдарламасы аясында Ақшұқыр дәрігерлік амбулаторияның ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары биыл мамыр айында басталған. Кестеге сай тапсыру мерзімі 2020 жылдың қазан айы. 50 қабылдау және күндіз ем шара жасайтын 10 төсектік амбулаторияда дәрігерге дейінгі бөлме, дәрігерлер бөлмесі, бала бөлмесі, УЗИ кабинет, ине-шаншу бөлмесі, физиотерапиялық кабинет, егу бөлмесі, туберкулезге қарсы бөлме, зертхана жұмыс жасайды. Өңір басшысы аудан халқының денсаулығын бақылауда ұстап отырған медициналық мекеменің құрылыс жұмыстарын сапасына жіті мән бере отырып мүмкіндігінше ертерек аяқтауды тапсырды.
Бұдан кейін С.Трұмов Сайын Шапағатов ауылында модульдік типтегі медициналық амбулатория тұрғызылатын жер телімін барып көрді. Медициналық мекеме ауылдық округтің 4 кварталында 0,25 га жерге салынбақ. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарына дәрігерлік кеңсенің аса қажетті екенін айта келіп, қысқа уақытта жобасын жасақтап іске кірісу керегін айтты.
Сонымен қатар, облыс әкімі бастаған жұмыс тобы С.Шапағатов елді мекеніндегі тоқ тарататын пунктінің жұмыс барысымен танысты. Бүгінде Сайын Шапағатов селолық округінің 4, 5 және ескі 6 кварталдарының электр жүйесінде жиі сөну бойынша мәселе бар. Техникалық ахауларға байланысты тұрғындарға ыңғайсыздық тудырып отырған мәселені анықтаған аймақ басшысы тез арада шешуді тапсырды. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов 3 қыркүйекке дейін құрылғылар қалпына келтірілетінін жеткізді. Аймақ басшысы жарыққа қатысты мәселелер алдағы уақытта орын алмауын ескертті.