Ақтау қаласындағы әскери бөлімнің бірінде жеке құрам Абайдың 175 жылдығына орай тәрбие сағат өткізді. Шара барысында жас матростар ақын шығармашылығын оқып, қара сөздерін жатқа айтудан және оның мән мағынасын түсіндіруден сайыс ұйымдастырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жарыс биыл көктемде шақырылған сарбаздар арасында өтті.
«Жас сарбаздардың бойына Абай өлеңдерін, қара сөздерін терең түсіндіре білсек, онда нағыз патриот, Отан қорғаушы ержүрек жауынгерлерді тәрбиелейміз. Біздің жас матростар Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жатқа айтумен қатар, оның адам баласының тәрбиесіне, адам өміріне, мінез құлықтың дамуына, білімге деген құштарлықты жетілдіруге бастайтын даналығын баяндап берді. Тәрбиелік сағат барысында қатардағы жауынгерлер Я. Ляхун., Д. Ізтұрғанов., А. Дюсенов., В. Дугин есімді матросшылар мәнерлеп оқудан көзге түсті», - дейді Жас сарбаздардың жиын бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Таңат Жалел.
Матрос Дархан Ізтұрғанов мектеп қабырғасында қазақ әдебиеті пәнінен олимпиадаларға, Абай оқуларына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Ол «Бірлік дүниеде емес, бірлік ақылда» деген Абай Құнанбаевтың сөзі баршамызға ұран болуы тиіс дейді.