Ақтау қаласының әкімі Н.Қилыбай 32 Б шағынаудан тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар әкімге шағынауданның ең өзекті деген мәселелерін жеткізді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
“Аманат” ТҮКШ тұрғындары көшіп келгеніне жылға жуық уақыт өтсе де тұрғын үй маңының қоқыстан тазармағанын, контейнерлердегі қоқыстың да уақытылы алынбайтынын айтты. Осы аталған үйдің төменгі қабатында орналасқан фаст-фуд тағамдарын әзірлейтін асхананың санитарлық талапқа сай келмейтінін және сол үйдің артына такси қызметі үшін көліктердің көптеп жиналатынына да тұрғындар наразы.
Сонымен қатар, “Жас отбасы” арқылы берілген мемлекеттік үйлер мен 4-тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемелердің ай сайын алатын ақысына сай қызмет көрсетпейтінін, қызмет көрсетуші мекемені Заңға сәйкес өз еріктерімен қайта сайлауға құрылыс компаниясы тараптан кедергінің көп екенін айтты. Өз кезегінде қала басшысы тазалыққа жауапты “Қала жолдары” ЖШС өкіліне қатаң түрде ескерту берді.
Қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына кәсіпкерлік нысанның санитарлық талаптарына мониторинг жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар, балалар ойын және спорт алаңдарын қайта жабдықтауды қарастыру туралы айтып және өзге де сөз болған мәселер бойынша тиісті бөлімдерге тапсырма берілді. Қала басшысының тапсырмасы іс-жоспарға енгізіліп, орындалуы бақылауда болмақ.