Бұл туралы МО Қоғамдық коммуникация орталығында өткен онлайн брифингте Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Гүлзайда Төлеуғалиева айтты.
Оның айтуынша елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты өңірде ауқымды іс-шаралардың өткізілу форматына түзетулер енгізіліп, онлайн режимге көшірілді.
«Абай күні қарсаңында облыстың қала-аудандарында 70-тен астам онлайн шаралар ұйымдастырылды. Айта кетсек, Абай атындағы мәдени демалыс кешенінің ұйымдастыруымен «Өлең сөздің патшасы» онлайн поэзия кеші өткізілді. Кеште «Өркен» жастар театрының әртістері Абайдың әндерін орындап, (фейсбук, инстаграм, ютуб) жұртшылық назарына ұсынды. Халықтық ұжым «Гвоздь» театры Поликова Вероника «Наш холоден ум на подобье льда», Татьяна Никитченко «Об Абае Кунанбаеве» шығармаларын көрерменге ұсынды. Сонымен қатар Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театры әртістері «Абай үні» атты онлайн поэзия кешін ұйымдастырды. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Медғат Өміралиев, Мәдениет саласының үздіктері Кенжебек Башаров пен Рамазан Ақтаев, дарынды сахна шеберлері Сүндет Сәрсен, Эльмира Керімбаева және жас толқынның үміт күттірер жастары да Абай шығармаларымен сусындатып, көзайым етті. Алдағы уақытта көрерменге «Абай» трагедиясын ұсынуға дайындық жүргізілуде», - деді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Гүлзайда Төлеуғалиева.