Жаңаөзен қаласының әкімдігі шаһардағы аялдамаларды қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алып отыр. Қазіргі кезде қала аялдамалары ұлттық нақыштағы оюлармен безендіріліп жатыр. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Берік Ізғалиев айтты.
«Былтыр Жаңаөзен қаласындағы аялдамаларға шыны орнатылған болатын. Бірақ осы аялдамалардың кейбірінің әйнектерін сындырып кеткен. Біразы түрлі-түсті жарнамалардың парақшаларына толы. Әрине, бұлардың бәрі қаланың сәулеттік келбетіне нұқсан келтіріп тұр. Бұл ретте осы мәселелер ескеріліп, қала әкімдігі көктемгі санитарлық тазалық кезінде көшелердегі жарнама жапсырылған парақшаларды алып, тазалау жүргізді. Бүгінде аталған аялдамаларды қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алынып отыр» - деді Б. Ізғалиев.
Қазіргі кезде қала бойынша 102 аялдаманың 20-ға жуығы заманауи талаптарға сай өзертілді. Еліміздегі басты оқиғалар бейнеленген суреттер ілінді. Атап айтқанда, аялдама шынылары спорт, денсаулық, дәрігерлерге алғыс айту, суға түсу қауіпсіздігі сияқты өзекті тақырыптардағы баннерлермен безендірілді.
«Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады. Жаңаөзендіктерден қаланы көркейту мақсатында жасалған көптеген архитектуралық жұмыстарды, орнатылған аялдамалар мен инсталляцияларды күтіп ұстауға, бүлдіріп, сындырмауға шақырамын. Ал, мұндай оқиғаларға куә болсаңыз 102-ге хабарласыңыздар. Қаламызды бірге көркетейік», - деді Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары.