Шахматтан бірнеше мәрте әлем чемпионы атанған гроссмейстер Динара Сәдуақасова онлайн шахмат академиясын ашты. Ителлектуал ойынды үйренгісі келген кез келген адам курстан өте алады.
Онлайн-академияда Динара Сәдуақасованың видео-сабақтары, тапсырмалары мен тесттері бар. Пандемия кезінде курсқа кіру тегін. Мүмкіндігі шектеулі жандарға оқу әрдайым ақысыз.
"Бәріне арналған шахмат" – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірлесіп құрылған жоба. Біздің мақсат – шахмат ойынына деген қызығушылықты арттыру әрі еліміздің шет-шетінде шахматты үйренгісі келетін жанның бәріне мүмкіндік беру. Әлем қарқынды түрде дамып жатыр, қазір интеллектуал қасиеттер мен ойлау жылдамдығы маңызды. Шахмат – бұл дағдыларды дамытатын тамаша құрал. Платформада менің қатысуыммен видео-сабақтар бар", – деді Динара.
Курстан балалар да, ересектер де өте алады. Бағдарлама деңгейге бөлінген. Әр деңгейде видео-сабақ пен 200 тапсырманы қамтитын 20-25 блок бар. Оқуды аяқтағандарға сертификат беріледі.
Тегін курсқа мына жерде тіркелуге болады.
"Біз командамызбен барлық деңгейге арнап 10-нан астам сағат сабақ жаздық. Платформада танымал шахматистердің дәрістері мен семинарлары жарияланады. Барлық адамның шахматқа деген қызығушылығы артып, үйрену мүмкіндігі болғанын қалаймыз", – деді Шахмат академиясының директоры Айнұр Өтешева.