Маңғыстау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің Antikor орталығында «Білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері» тақырыбында тікелей эфир өтті. Эфир спикерлері Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Қасымқызы мен мектепке дейінгі және жалпы орта білім бөлімінің басшысы Клара Құлатаева желіде тақырыпқа қатысты ойларын білдіріп, оқырмандардан келген сұрақтарға жауап берді.
Эфир барысында спикерлер білім саласындағы биылғы өзгерістерді атап өтті. Онда педагогтардың мәртебесі мен қоғамдағы беделін арттыру, жалақыларын көтеру туралы айтыла келе, педагогтарға қойылатын біліктілікке қатысты талаптар мен тестілеуден өткізу мәселесі де назардан тыс қалмады.
Сондай-ақ, департамент тарапынан анықталған 2020 жылы аталған салада сыбайлас жемқорлық бойынша 5 тұлғаға қатысты 11 қылмыстық іс тіркелді. Оның 2-еуі сотталды. Осы қылмыстық істе 3 лауазымды тұлға (балабақша меңгерушісі, мектеп, колледж директоры) бары айтылды. Білім басқармасының мамандары бұндай келеңсіздіктер орын алмау керек екенін айтып, басқарма тарапынан профилактикалық жұмыстардың үнемі жүргізіліп отыратынын жеткізді. «Әр адам өзінің жұмысында профессионал болу керек, сонымен қатар жұмысын кәсібилігімен қатар адал атқару керек» деді Г.Мамаева.
Сонымен қатар, К.Құлатаева сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Ұлттық білім беру деректер қорының» құрылуы екенін атап өтті. Онда барлық деректер ашық, айқындық жұмыстары бар екенін жеткізді.
Эфирде мамандар білім беру ұйымдарында жиһаз, перде, гүл, жөндеу жұмыстары сияқты қажеттіліктерге ақша жиналмау керек екенін, сондай-ақ, ай сайын оқушылар «мектептің қоры» деп ақша тапсыру заңсыз екенін жеткізді, егер осындай жағдайлармен бетпе-бет келген жағдайда 1450 сенім телефонына хабарласып, арыз қалдыруға болатынын айтты.
Тікелей эфирде спикерлер биылғы ҰБТ-ның өту тәртібіне тоқталды. Сонымен қатар тесттің әділ әрі таза өтуі үшін мемлекеттік комиссия мен арнайы мониторингтік топ жұмыс жасайтынын жеткізді.
Сөз соңында спикерлер қандай жағдай болмасын әр маманның алдында жеке жауапкершілік, қоғамның алдындағы міндет пен адалдық қасиеттері алдыңғы орында тұруы керек деді.
Сондай-ақ, егер сіз қандай да бір сыбайлас жемқорлық фактілеріне тап болсаңыз, 1424 Call – орталығына хабарласуға болатынын қаперіңізге береміз.