Ақтаудағы 11 шағынауданда орналасқан көркемсурет галереясы өртке оранды. Өрт салдарынан галереядағы суреттер мен тұрмыстық техника жанып кеткен, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оқиға кеше сағат 20:39 шамасында 11 шағынаудан 7 үйде болған. «101» кезекшісінің бақылау бөліміне қоңырау түскеннен кейін арнайы мамандар жедел оқиға орнына барып, сағат 21:49-да өртті сөндірген.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Мұрат Мұхановтың айтуынша, зардап шегушілер жоқ. Тұрғын үйдің жоғарғы қабатындағы 25 адам эвакуацияланды. Оның бесеуі – бала.
«Дүкеннің жалпы ауданы – 500 шаршы метр, соның 90 шаршы метрі жанып кетті. Өртті сөндіруге сегіз техника мен 21 адам жұмылдырылды. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі мен шығыны анықталып жатыр», - дейді Мұрат Мұханов.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында жыл басынан бері 103 өрт оқиғасы тіркелген. Осы уақытқа дейін 6 адам газдан уланып қайтыс болса, екі адам өрттен зардап шеккен болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА