Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы дін істері басқармасының басшысы Мақсатбек Маханбетов айтты.
Бүгінгі күні еліміздің барлық аумақтарында эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда, оның ішінде Маңғыстау облысында да карантин тәртіптері ерекше бақылауға алынған. Өңірде 25 мамырдан бастап карантиндік шаралар жеңілдетіліп, құлшылық ету орындары бар діни бірлестіктер өз жұмыстарын бастаған еді.
Осы уақыттан бастап құлшылық ету орындарға бірқатар талаптар қойылып, тек жекелеген түрде намаз оқуға рұқсат етілген. Мешіттерде жамағат болып (бес уақыт намаз, жұма намазы)намаз оқуға тыйым салынған болатын.
Енді осы қойылған талаптарды кезең-кезеңмен жеңілдету мақсатында санитарлық талаптарды сақтай отырып, мешіттерде бес уақыт намаз оқуға осы жылдың 6-маусымнан бастап рұқсат берілді. (жұма намаз оқылмайды)
Бұл жөнінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасымен барлық мешіттерде атқарылатын іс-шаралар тәртібі төмендегідей болып бекітілді.
«Мешіт қызметкерлері мен намаз оқуға келген жамағат міндетті түрде бетперде киюі тиіс. Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар /ер және әйел/ және жас балалар намаздарын өз үйлерінде оқығандары абзал; Мешіт дәретханаларының карантин уақыты аяқталғанға дейін жабық болуына орай, намазға келуші жамағат үйден дәрет алып келулері тиіс; Мешітке әркім өз жайнамазымен келгендері жөн», деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Елжанов.