Ақтауда 3 «а», 4 және 5 шағынаудандарда орналасқан «Дана» супермаркет желісінде, Ақтау қаласының 2, 8 және 12 шағынаудандарда орналасқан «Алтын Фуд» және 28 шағынауданда орналасқан «Аман» супермаркетінде карантин режимінің бұзылғаны анықталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Кеше Маңғыстау облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары қаладағы сауда орындарына рейд жүргізген болатын. Олар сауда орындағы қауіпсіздік шараларының сақталуы мен дезинфекция жұмыстарының уақытылы жүргізілуін тексерді. Рейд барысында жеті сауда орнындағы қызметкерлер мен келушілер маска тақпаған. Қызметкерлерде қолғап жоқ, сонымен қатар сауда орталығына келген келушілер бақыланбаған.
«Өз кезегінде кәсіпкерлік субъектілеріне короновирус инфекциясының таралуына қарсы алдын алу шараларын сақтау қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «ҚР тұрғындары арасында коронавирустық инфекциялардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды одан әрі күшейту туралы» 22 мамырдағы №37 қаулысының, Маңғыстау облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «Карантин және жеңілдету туралы» 31 мамырдағы қаулысының талаптарын орындамағаны үшін, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 3 маусымдағы бұйрығы негізінде «Кейбір нысандарға жоспардан тыс тексерулер жүргізу туралы» 462-бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толдырды. Бесеуі сотқа жіберілді», - деп түсіндірді Маңғыстау облысы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Алдағы уақытта рейд жұмыстары Маңғыстау облысының барлық қалалары мен аудандарында жүргізіледі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА