Бұл туралы Маңғыстау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Маңғыстау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында «ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсу» тақырыбында тікелей эфир өтті.
Эфирге ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Маңғыстау облысы бойынша филиал директоры Айгүл Демеуова қатысты. Ол осы жылы мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсудің негізгі талаптарын айтып, көпшіліктің сұрақтарына тікелей эфирде жауап берді.
Онда мемлекеттік басқару академиясының білім беру бағдарламалары таныстырылды. Сондай-ақ, сұхбат барысында Айгүл Демеуова ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясына оқуға мемлекеттік қызметшілер ғана емес, қалауы бойынша азаматтарда түсе алатынын ол үшін арнайы талаптардың бар екенін жеткізді. Сондай-ақ, мемлекеттік грантқа ие болған оқуға түсушілер үшін шетелдік тағылымдамадан өту мүмкіндіктері қарастырылған.
Айта кетейік, 2018 жылы қаңтар айында жұмысын бастаған филиал мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, кәсібилендіру мақсатында оң өзгерістерге қол жеткізіп отыр. 2019 жыл бойынша мемлекеттік академияға 7 маңғыстаулық мемлекеттік қызметші оқуға түскен. Оның біреуі докторантура, қалғаны магистратура бағдарламасы бойынша білім алып отыр. Ал облыс бойынша биыл оқуға түсу үшін өтініштер келіп түскен. Нәтижесі тамыз айында белгілі болады.