Бүгін Ақтауда мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған «Мәдениет – ұлт бейнесі» атты салтанатты шара өтті. Шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев мәдениет қызметкерлерін төл мерекемен құттықтап, өнер саласында белсенді қызмет етіп жүрген мамандарды марапаттады.
Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен сазгер, балалар ақыны К. Ыбырайұлы, М.Өскінбаев атындағы облыстық филармониясы, кіші симфониялық оркестрінің әртіс-аспапшысы Т. Меңдіғалиева, Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің әртісі А. Көбегенова, Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрның актрисасы Майра Бақбердиева және «Ақтау қалалық орталық кітапхана» директорының м.а Н. Егдірбекова марапатталды.
Ал Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Трұмовтың алғыс хатын МО қуыршақ театрының актері Е. Бигашев, айтыскер ақын Ф. Мусаев, Арт «Өнер» галереясында суретші, безендіруші А. Таңатаров, МО кино және мәдени қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары З. Сапарова иеленді.
«Бүгінгі мереке тек мәдениет және өнер қызметкерлерінің ғана емес, бұл қазақ елінің мерекесі. Әр елді салыстырып көрген кезде бірінші оның экономикалық дамуы, мәдениеті мен өнеріне қарайды. Құдайға шүкір, қазақ елі өнерден кем емес. Шет елге аты танылып жүрген жұлдыздарымыз көп. Бүгін мәдениет қызметкерлері республикалық, облыстық марапаттарға ие болып жатыр, ұсынған облыс әкімдігіне өз алғысымызды айтамын. Өнеріміз асқақтай берсін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», - дейді сазгер, балалар ақыны К. Ыбырайұлы.
Сондай-ақ қала-аудандардағы 17 мәдениет қызметкердің шараға қатыса алмауына байланысты, облыс әкімінің марапаты ауылдарына жолданды. Мерекелік шара соңында театр, филармония әртістері өнер көрсетті. Содан кейін МО мәдениет, тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының басшысы Пәния Сармурзинаның және мәдениет қызметкерлерінің қатысуымен онлайн-сұхбат өтті.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН