Ақтау қалалық сотында Қазақстан Республикасы ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігімен берілген электрондық қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, М. деген азаматша 22 наурыз 2020 жылы, сағат 04.00 шамасында, өзінің іс-әрекетімен заң бұзушылық жасап жатырғанын біле тұра, яғни бұған дейін 23 шілде 2018 жылғы Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен ҚР-сы ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, көлік құралын басқару құқығынан 3 жылға айырылғанына қарамастан Ақтау қаласы, 14 шағын ауданының №37 тұрғын үйге қарама-қарсы тас жолда, «Mitsubishi Outlander» маркалы автокөлігін тағы да алкогольдік масаң күйде басқарып келе жатқан кезінде, полиция қызметкерлеріне ұсталған.
Сот үкімімен М.-ге ҚР-сы ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, өмір бойына көлік құралын жүргізу құқығынан айырылып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, ҚР-сы ҚК-нің 44-бабының 2-бөлігіне сай, соңғыға тағайындалған мерзімге пробациялық бақылау белгіленген.
Сот, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған М.-ге жаза түрі мен мөлшерін тағайындау барысында, сотталушының шын ниетімен өкінетінін, асырауында төрт кәмелетке толмаған балаларының барын, тұрғылықты мекен-жайы бойынша жақсы жағынан мінезделетінін ескерген.
Бұл тағылып отырған баптың санкциясы бойынша ең ауыр жаза бес жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылғанын ұмытпау керек, - деп Ақтау қалалық сотының судьясы Г.Т.Байтұрова өз мәліметін қорытындылады.