Маңғыстау аудандық сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабының 6-тармақшасымен А-ға қатысты әкімшілік іс қаралды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
А. есімді азамат сот мәжілісіне «True Conf» мобилдік қосымшасы арқылы онлайн режимінде қатысты.
Сотта анықталғандай, ҚР Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 «Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлығының 3-бөлігі 5)-тармақшасында (төтенше жағдайдың күшінде болу кезеңінде мынандай шаралар және уақытша шектеулер енгізілсін: ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, атаулы іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан), А. есімді азамат 26 наурыз күні Маңғыстау ауданы, Онды селосындағы үйінде беташар тойын жасады. Көпшілікті жинап, мерекелік іс-шара өткізіп, төтенше жағдай режимін бұзған болатын.
Сот қаулысымен А. есімді азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабының 6-тармақшасымен кінәлі деп танылды. Оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 27 780 теңге әкімшілік айыппұл салу жазасы қолданылды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.