«Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры болып Әбішева Гүлмира Әйткенқызы тағайындалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Маңғыстау Медиа» ЖШС-ның жаңа басшысын Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова таныстырды.
Гүлмира Әбішева Жамбыл облысында дүниеге келген.
Білімі – жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін халықаралық журналист мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық академиясының оқытушысы болып бастаған. Бірнеше республикалық және облыстық БАҚ-да еңбек етті. Республикалық 31-телеарна, «Информбюро» жаңалықтар қызметінің тілшісі, республикалық «Ар.кз» газетінде журналист, «Азаттық» халықаралық радиосының, «Тумба» қалалық газетінің журналисі болды. 2008 жылдан 2021 жылға дейін «Хабар» Агенттігінің Маңғыстау облысындағы тілшісі, тілшілер қосынының жетекшісі, 2018-2021 жылдары Маңғыстау облыстық «Қоғамдық коммуникация орталығы» КММ басшысы қызметтерін атқарды.
Ал осы уақытқа дейін ол Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың баспасөз хатшысы болып қызмет атқарды.
«Ақпарат саласының үздігі», «Хабарға 10 жыл» алтын медалі, «Халық Алғысы» т.б. төсбелгілермен марапатталған. Бірнеше облыстық және республикалық байқаудың жеңімпазы.
Еске сала кетейік, «Маңғыстау Медиа» ЖШС-ның экс-директоры Айсұлу Дутбаева ҚР Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігі басшысының кеңесшісі қызметіне тағайындалды.