©
Маңғыстау облысы әкімі бастаған делегация БАӘ-не сапарында Дубай қаласында орналасқан «DP World» компаниясына арнайы барды. «Ақтау теңіз порты» АЭА мен «DP World» халықаралық компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келіссөз өтті.
Келіссөздер нәтижесінде Маңғыстау облысы әкімдігі мен компания арасындағы меморандум нақтыланып, «DP World» компаниясы «Ақтау теңіз порты» АҚ басшылығымен ынтымақтастықта жұмыс істеуге ниетті екендерін жеткізді. Арнайы экономикалық аймақтағы 60 гектар логистикалық және индустриялық парктің құрылысын салу, сондай-ақ 50 млн. АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция тартуға мүмкіндік туды.
«Ақтау теңіз порты» АЭА басқармасының төрағасы Бауыржан Қайратов пен PBP Holdings LTD өкілі Марк Ронг меморандумға қол қойды.
«Өткен жылы Құрық портында паромдық кешеннің 1-кезеңі іске қосылды. Жыл ішінде жүк тасымалдау көлемі 1,5 млн тоннадан 4,5 млн тоннаға дейін ұлғаймақ. Маңғыстау порттары арқылы келешекте 2020 жылға қарай контейнерлік тасымалдау көлемі 60 есеге артады. Қазақстан тұңғыш рет Азия елдері мен Қытайдағы Еуропаға тікелей шығатын қатынас жолдарын құрды», — деді Ералы Тоғжанов.
«DP World» – әлемдегі ең ірі порт операторларының бірі. Компания алты құрлықтағы 31 мемлекеттің аумағында 66 терминалды басқарып отыр.
2012 жылы «DP World» 56 миллион жиырма футтық эквивалентін (ДФЭ) өңдеді. Таяу болашақта Индия, Африка, Еуропа мен Таяу Шығыстағы жүк өңдеу көлемін 2020 жылға дейін 103 миллион жиырма футтық эквивалентіне (ДФЭ) жеткізуді жоспарлап отыр.
Қазақстан «DP World» компаниясымен бұрыннан тығыз байланыста. Бұдан бұрын компания мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Ақтау» теңіз айлағы мен «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-н бірлесіп игеру жөнінде келісімдер жүргізген болатын.
«Экономиканы әртараптандырудың тиімді құралы – арнайы экономикалық аймақ екені сөзсіз. Бүгінде Ақтау теңіз порты арнайы экономикалық аймағында 500 миллионнан астам АҚШ доллары көлемінде 27 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде трансұлттық деңгейдегі Англия, Қытай, Германия, Түркия, Иран, Италия, Әзірбайжан компаниялары өз қызметтерін табысты түрде жүзеге асыруда. Облысымыз Еуропа мен Азия арасындағы халықаралық маңызы бар қуатты транзиттік және көлік логистикалық әлеуетке ие», - деп атап өтті аймақ басшысы.
БАӘ жыл сайын орта есеппен 1,6 млн. тонна бидай импорттайды. Орта есеппен алғанда, ішкі тұтынуға 1,2 млн. тонна бидай жұмсалса, ал қалғаны қайта экспортталады.
Айта кетейік, «Ақтау теңізінің Солтүстік терминалы» ЖШС және «DPWorld» арасындағы алдын ала келісімшарттың негізінде бизнес-үдерістерге, маркетингтік қызметке және басқа да қызметтерге толық талдау жүргізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ