Бокстан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының мүшесі Адайбек Ниязбай Азия чемпионатынан жеңіспен оралған сәтінде mangystaumedia.kz сайтына сұхбат беріп, әсерімен бөлісті.
Осы жеңісімді ата-анама және маған қолдау көрсеткен ағаларыма, маған тілекші болған адамдардың барлығына арнаймын. Азия біріншілігіне оңай қарсылас келмейді. Төрт жекпе-жек өткіздім. Ең қиыны финалда өзбекстандық Мироншох Норкосимовпен өтті. Төрешілер бірауыздан 5:0 есебімен жеңісті берді. Бұл - Маңғыстау боксы үшін тарихи жетістік. Өйткені облысымызда бұған дейін жасөспірімдер арасында Азия чемпионы шықпаған еді. Алғашқы чемпионы атанғаным – мен үшін зор мәртебе. Бұл - менің спорттағы алғашқы жоғары жетістіктерімнің бірі, деді ол.
Адайбек Ниязбай 2005 жылы Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Тоғыз жасынан бастап ауылдағы бокс үйірмесіне қатысты. Қазір Ш. Есенов университеті колледжінің екінші курсында оқиды.
Жаттықтырушым Аһрорбек Абдукаримовқа алғысым шексіз. Менің тілеуімді тілеген барлық Маңғыстау халқына рахметімді айтамын. Бұйырса, 2022 жылы жасөспірімдер олимпиадасы өтеді. Соған қатысып, Қазақстан атын әлемге танытқым келеді, деді А. Ниязбай.
Айбек МҰХАНОВ,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы