Азаматтарды жоғары жалақы алатын жұмысқа орналастыруға уәде берген алаяқтың құрбандарының саны артып келеді. Бұл туралы облыстық ПД хабарлады. Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 1 қарашасында полицияға "ОйлСервисКомпани" ЖШС-на миллион теңге бергендерді жұмысқа орналастыруға көмектесуге уәде берген ер адамға қатысты арыз келіп түскен еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат mangystaumedia.kz.
Алаяқтық жасады деген күдікті жәбірленушіні әр жолы Жетібай ауылындағы митингілерге шақырып, соның нәтижесінде оны жұмысқа орналастырамын деп уәде бергені белгілі болды. Митингілерде әр жолы наразылық білдірушілерге бағыт көрсетіп, автожолдарды жабу туралы да нұсқау беріп отырған.
Қарақия ауданының тұрғыны Ж. Көкбаевқа қатысты ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) және ҚР ҚК 350-бабы (ірі залал келтіруге әкеп соққан көлік коммуникацияларын бұғаттау, сондай-ақ көлік пен байланыстың қалыпты жұмысын бұзу) бойынша фактілер тіркелген.
Сондай-ақ келесі күні тағы бір жәбірленуші полицияға арыз бергені туралы белгілі болды. Алаяқ бұл жәбірленуші де бірінші жағдайдағыдай алдап келген. Алдымен ол ер адамды сендіріп, миллион теңгеден астам ақшасын алған. Содан кейін жәбірленушіні алдап, өз мақсаттарына қолданған.
Нәтижесінде, еріксіз жәбірленушілер заңсыз митингілерге қатысып, қылмыстық қудалауға ұшырады.
Алаяқтың "Жетібай" кен орнына апаратын автожолды заңсых жабу әрекетінің әсерінен "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ миллиондаған шығынға ұшыраған.
Өзге мәліметтер тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.
"Құрметті Маңғыстау облысының тұрғындары, сіздерге қырағы болып, алаяқтардан сақ болуды ескертеміз. Заңсыз наразылық акцияларына қатысуға, үгіт-насихатқа ермеулеріңізді сұраймыз. Егер жоғарыда аталған оқиғаға ұқсас сізді немесе жақыныңызхды алдаған болса, Маңғыстау облысы ПД анықтау басқармасының аға анықтаушысының телефоны 8-778-186-26-45 бойынша дереу полицияға хабарласуларыңызды сұраймыз", - деді полиция өкілдері.