Біздің егеменді еліміздегі қолданыстағы Судья Әдебі кодексі 2009 жылы судьялардың V сьезінде қабылданған. Бүгінде Елбасымыз Нұрсылтан Назарбаевтың «100 қадам» Ұлт жоспарындағы тапсырмалар аясында аталған құжаттың жаңа нұсқасы дайындалуда. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа арналған жолдауында: «Осынау аса маңызды құжат нақты тапсырмаларды қамтуы және биліктің атқарушы, заңшығарушы және сот тармақтары басшыларының дербес жауапкершілігін көздеуі тиіс» екендігін айтып, судьялар Әдебі кодексін келесі өткізілетін судьялар сьезіне дейін мінсіз құжатқа айналдыруды нақты тапсырған еді. Жаңа жобадағы бекітілген қағидалар және қағидаттар алдымен еліміздің Ата Заңына, «Қазақстан Республикасы сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңға негізделген. Алғашқы кодекс 9 баптан ғана тұрған болса, жаңа жоба 6 тарау, 32 бапты қамтыған.
Судьялар Әдебі Кодексінде судьяның мінез-құлық принциптеріне басты назар аударылып, сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңды және ар-ожданды басшылыққа алып, шешім қабылдау қажеттілігі көрсетілген. Судья сот билігінің беделін түсіретін, абырой-беделіне нұқсан келтіретін және сот төрелігін жүзеге асыру кезінде оның обьективтілігі мен бейтараптылығына күмән тудыратын жағдайлардың бәрінен бойын аулақ ұстауға тиіс екендігіне кеңінен мән берілген. Тіпті, жұмыстан тыс, өзге уақыттарда да қазының мінез-құлықтары мен сыртқы келбеті оның атқарып отырған лауазымына сәйкес болып, қызметін өзінің жеке басының қамын күйттеуге немесе отбасы мүшелерінің мүдделері үшін пайдаланбауға тиіс екендігі кодексте егжей-тегжейлі жазылғандығын көреміз.
Судьяның сот процестерін мантия, яғни арнайы форма киіп жүргізу маңызды. Бұл мәселелер жобаның 13-бабынан көрініс тапқан. Беделіне кедергі келтіретін көпшілік орындарға бару, ішімдік ішу, құмар ойындарымен әуестену, мейрамхана, казиноларға бару судья әдебіне қайшы көріністер. Жаңа жобаның бұрыңғы кодекстен айырмашылығы – мұнда этикалық кодекстің талабын бұзған судьялардың тәртіптік жауапкершілікке тартылатындығы дәлелденген.
Судья-қоғамның беделді мүшесі. Әрине, бұл сөз судья өзгелерден артық дегенді білдірмейді. Сондықтан, әрбір судья мемлекет мүлігі мен қызметтік куәлігіне ұқыппен қарап, азаматтық құқықтарын адал пайдаланып, жат қылықтар атаулыдан бойын тысқары ұстап, судья деген атаққа лайық болуы тиіс деп ойлаймын. Судья Әдебі кодексінің жаңа жобасы Судьялардыі VІІ сьезінде қабылданады деп күтілуде.
Елтай Жолтаев Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының жетекші маманы