Халықаралық қауымдастықтың назарын әйел құқығы мәселесіне аудару үшін БҰҰ 1975-1984 жылдарды «Әйелдердің онжылдығы» деп жариялады. Бұл мақсатта әйел құқықтарына қатысты бүкіл әлемдік конференциялар өткізілген. Олардың алғашқысы 1975 жылы Мехикода, екіншісі 1980 жылы Копенгагенде, үшіншісі 1985 жылы Найробиде өткізілді. Найробидегі конференцияда қабылданған стратегияда қоғамдық өмірдің барлық сфераларында теңдікке жетудің әдісі мен тәсілдері белгіленген еді.
Еліміздегі демократиялық процестің маңызды бөлігінің бірі – ұлттық гендерлік саясат. Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген 2006-2016 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдік стратегиясы» негізінен қоғам мен биліктің тиімді әрекет ете отырып, ерлер мен әйелдер арасындағы теңдікке қол жеткізуіне бағытталған. Мұндай бағдарлы құжаттың болуының өзі ел басшылығының әйелдердің жағдайын нақты жақсартуға бағытталғансаяси ниетін аңғартады және мемлекеттік саясаттың маңызды компоненттерінің бірі болып табылады. Біздің елімізде гендерлік теңдік саласында белгілі бір жетістіктерге қол жеткізілді, сонымен қатар, нормативтік-құқықтық база да жетілдірілуде. 2009 жылдың желтоқсанында гендерлік бағыттаушы заңнама аясында «Тұрмыстық зорлықтың алдын—алу туралы», «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдігі туралы» заңдар қабылданған. Азаматтық қоғам ұлттық гендерлік саясатты жүзеге асыруға, өмірдің барлық сфераларында гендерлік теңдікке қол жеткізу механизімін дайындауға белсенді түрде қатысуда.
Гендерлік саясат Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясатының басым бағыты болып табылады. Еліміз әйелдер мен еркектердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында айтарлықтай жетістікке жетті. Мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызмет атқаратын әйел азаматтардың саны соңғы жылдары біршама жоғарылады. Әйел азаматтар кәсіпкерлік саласында да белсенділік танытуда, елімізді әлеуметтік-экономикалық даму үрдісінде әйел азаматтардың алар үлесі қашан да жоғары.
Амандық Ерниязов Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының бас маманы