23 қыркүйек күні Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінде «Ашық есік» күні өтеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ашық есік күні сағат 09.00 бастап 13.00-ге дейін жалғасады.
Акцияның мақсаты – өңірдегі қатерлі ісіктің алдын алу,оны болдырмау. Сонымен қатар аты жаман ауруды диагностикалау, емдеудің ерте белгілері мен қолданыстағы әдістері туралы қалың бұқараны хабардар ету.
«Ашық есік» күні әйелдермен қоса ер азаматтар да онкологиялық орталыққа келіп, тегін тексеріле алады. Атап айтқанда, онкологтар кеуде қуысының компьютерлік томографиясын және өкпенің төмен дозалы томографиясын түсіреді, ол үшін келуші 50 жастан асқан болуы керек. Сондай-ақ орталықта органдарды ультрадыбыстық зерттеу, маммография және әйелдерге арналған сұйық цитологияны алу қарастырылған. Тұрғындарды хирург, онколог, онкогинеколог және уролог дәрігерлер қабылдап, тегін кеңес береді.
Мекенжайы: Ақтау қаласы, 1 «А» шағын аудандағы облыстық онкологиялық орталықтың ғимараты.