Жоғары технологиялық медициналық қызметтер - диагностика мен емдеудің инновациялық, ресурс қажет ететін немесе бірегей әдістерін пайдалануды талап ететін аурулар кезінде бейінді мамандар көрсететін қызметтер.
Жоғары технологиялық медициналық қызметтерді, емдеу мекемесі құзырлы органдар тарапынан кадрлары мен медициналық құрал-жабдықтарының тиісті талаптарға сәйкестігі бағаланып, оң қорытындысын алғаннан кейін ұсына алады.
Пациенттерге жоғары технологиялық медициналық қызметтерді көрсету тәртібі денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен реттелген ЖТМҚ ұсынатын денсаулық сақтау ұйымына пациентті жіберу мәселесін шешу үшін, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы басқарманың бейінді мамандарынан жоғары технологиялық медициналық қызметтер комиссиясын құрады.
Жоғары технологиялық медициналық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде де көрсетіледі.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі - ел азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға еліміздің Үкіметі айқындайтын тізбе бойынша бюджет қаражаты есебінен берілетін медициналық көмектің көлемі. Денсаулық сақтау ұйымы пациенттің тіркелген жері бойынша ол жүгінген кезде бейінді маман қорытындысының негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі комиссияға жібереді Пациент денсаулық сақтау ұйымында стационарлық ем қабылдаған жағдайда, пациентке ЖТМҚ көрсету туралы медициналық көрсетілімдер болған кезде емдеуші дәрігер бөлімше меңгерушісімен бірге,осы денсаулық сақтау ұйымы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасарымен бірлесіп стационарлық науқастың медициналық картасының көшірмесін электрондық поштамен (сканерленген түрде) ЖТМҚ комиссиясының қарауына жібереді. ЖТМҚ комиссиясы оң шешім қабылданған кезде, пациентке тапсырыс Порталға тіркеледі. Облыс бойынша ЖТМҚ комиссиясының Порталы ересектерге Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы (байланыс телефоны 8722921032), 18 жасқа дейінгі балаларға облыстық көпбейінді балалар ауруханасы базасында (байланыс телефоны- 87229210393) жұмыс істейді.
Егер жергілікті жерде ЖТМҚ-пен қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаса, онда науқасты жоспарлы түрде аурухана¬ға жатқызу мәселесін республикалық деңгейдегі комиссия қарастырады.
Жоғары технологиялық медициналық қызметтер жергілікті және республикалық деңгейдегі стационарларда көрсетіледі және қызмет республикалық деңгейдегі стационарларда көрсетілген жағдайда, пациенттің тапсырлған құжаттары негізінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының бухгалтериясы арқылы жол шығыны төленеді.
Облыс бойынша 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында республикалық деңгейдегі ғылыми-зерттеу институттарына, ғылыми және медициналық орталықтарға, ауруханаларға барлығы 871 пациент бағытталған, оның ішінде 318 пациент ауыл түрғындары. Барлық бағытталғандар арасынан 292 пациенті 18 жасқа дейінгі балалар. Осы бағытталған науқастардың 256 ересек пациенттеріне , 11 балаға, барлығы 367 пациентке жоғары технологиялық медициналық қызмет түріндегі ем жүргізілген. ЖТМҚ көрсету аяқталғаннан кейін, ЖТМҚ орындаған денсаулық сақтау ұйымы пациенттерге тіркелген жері бойынша денсаулық сақтау ұйымына, одан әрі емдеу-қадағалау ұсынымдарымен пациенттің көшірме эпикризін, сондай-ақ бірлескен тиімділік мониторингінің жоспарын жібереді.
Республика бойынша жоғары технологиялық медициналық қызмет шеңберінде көптеген күрделі есту қабілетін жақсартатын операциялар, кохлеарлы имплантация, трансплантологиялық операциялар, лапароскопиялық және микрохирургиялық операциялар, буындарды алмастыру, кардиохирургиялық операциялар және тағы да басқалары жасалады.
Жергілікті деңгейде Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы, жауапкершілігі шектеулі серіктестік «Көпбейінді клиника Sofie Medgroup", жауапкершілігі шектеулі серіктестік «Кардиологии және ішкі аурулар медициналық орталығы"ARCHIMED» облыс тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық қызмет түріндегі емдеу жүргізеді.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы 21 технологиямен, жауапкершілігі шектеулі серіктестік "Көпбейінді клиника Sofie Medgroup", 3 технология, жауапкершілігі шектеулі серіктестік «Кардиологии және ішкі аурулар медициналық орталығы "ARCHIMED» 1 технологиямен облыс тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетеді. Бұл ретте стационарларда ЖТМҚ жүргізуге жағдай жасалған-заманауи жабдықтар, шығын материалдары, оқытылған мамандар бар. Хирургиялық ота түріндегі медициналық көмек; кардиохирургия, нейрохирургия, травматология, қан тамырлары хирургиясы бойынша 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында облыс стационарларында 61 пациентке көрсетілген. Биылға жалпы жоспарланған ЖТМҚ саны - 142.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен операциядан өткен пациенттер оңалтудан да өте алады. Медициналық әлеуметтік медициналық сақтандыру бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің бөлігі және екі негізгі қағиданы қамтамасыз етуге арналған: пациентке медициналық ұйымды еркін таңдау мүмкіндігін беру және жоспарлы госпитализация кезінде ұсынылатын медициналық қызметтермен қамтамасыз ету, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызмет түрлері де бар. Қосымша ақпарттар қажет болған жағдайда ШЖҚ « Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталыгы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Маңғыстау облыстық филиалына, «Емдеуге жатқызу бюросы Порталы» 8 (7292) 30-20-98 телефоны бойынша хабарласуға болады.
Даутбаева К.А.,
Денсаулық сақтау жүйесін мониторингтеу бөлімінің бастығы