Маңғыстау өңіріне назарын аудара бастаған патша үкіметі пәрменімен 1878 жылы Форт-Александровскідегі алғашқы білім ошағы қазір қаланың сәулет ескерткіштерінің біріне айналып, халық арасында «көк мектеп» атанған білім ордасы дүниеге келген. Ғимарат готикалық стильде жергілікті ұлутастан салынған. Бұл бір кластық 4 жыл оқытатын бастауыш училище ретінде болған. Ал 1911 жылы екі кластық училищеге өзгертілген. Осы училищенің түлектері А.Мәтжанов пен Ә.Шымыров – Ашхабадтағы 3 жылдық медфельдшерлік мектепке жіберіліп, елге керекті маман болып оралып, еліне еңбек етіп, 1918 жылы холера (тырысқақ), шешек пен сүзек кезінде жүздеген адамның өміріне арашашы болған және түбектің медицина саласының дамуына өз үлестерін қосқан аса қадірлі тұлғалар.
1920 жылы мектеп бірінші және екінші дәрежелі бірыңғай еңбек мектебі болып өзгертілген. Бұл білім ордасында елімізге белгілі – мемлекеттік қайраткер Ж.Мыңбаев, ғалым-ихтиолог З.Баймырзаев, медицина ғылымының докторы Е.Оразақов, ғалым Ш.Еркеғұлов т.б. тәлім алған.
Осы мектепте ұстаздық еткен, ел құрметіне ие болған ұстаздар қатарында 1938 жылдан бастап тәлім берген ғалым, қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Зиманов Салық Зиманұлы аталады.
Ол 17 жасында сол кездегі облыс орталығы Гурьевтен осында қызметке жіберіліп, математика және физика сабақтарынан тәлім бере жүріп, әскер қатарына аттанып, әскери қызметі Ұлы Отан соғысына жалғасады.
Салық ағамыз – Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысушы, нағыз халық батыры. Ол қатардағы жауынгер 1941 жылдың қыркүйегінен бастап Оңтүстік Кавказ, Солтүстік Кавказ, Далалық, Воронеж, 2-Украин және 2-Беларус майдандарында шайқасқан. Жауынгер жолдастарымен Буг, Днепр, Одер өзендерін кесіп өткен. 1943 жылдан бастап соғыстың аяғына дейін 5-танк армиясының 8-механикаландырылған корпусында қызмет еткен. Алғашында батарея, дивизион командирі, кейін 615-миномет полкі командирінің орынбасары, командирі, 66-механикаландырылған бригада командирінің орынбасары болған. Төрт рет жараланған. Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Кавказ қорғанысына қатысқаны үшін», «Кенисбергті алғаны үшін» және басқа да көптеген медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Президенттік бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының иегері, «Отан», «Парасат» ордендерінің иесі.
Осы орайда Салық ағаның соғыстағы жанқиярлығы туралы Республика Парламентінің спикері Қ.Мамидің «Егемен Қазақстан» газетінде жазғаны есіме түседі.
Соғыстың алғашқы кезеңінде С.Зиманов өзінің батареясы тұрған биікке фашист танкілерінің тақап келгенін, олардың өздерін тікелей атқылай бастағандарын, енді өз күшімен қорғану мүмкіндігі жоқ екенін байқайды. Сол кезде дереу шешім қабылдап, арттағы артеллерияға хабар беріп, атқылауды сұрайды да, ату кординаты етіп өзінің батареясы орналасқан орынды көрсеткен. Демек жау қолына тірі түскенше, өз әскерінің оғынан шейіт болуды дұрыс деп тапқан болу керек.
Яғни соғыс кезінде Салық Зиманов нағыз өжет жауынгер, батыр, ажал алдын да тұрғандарын анық сезе тұрса да, әскери тапсырманы бұлжытпай орындайтын, Отан үшін отқа түсуге даяр, тажалдай жау танкілерінен тайсалмаған, жауға берілмей, өлім мен өмір ортасынан жол тапқан білікті командир болған.
«Егемен Қазақстан» газетінің 05.11.2011 жылғы №210 санында, қазіргі Конституциялық Кеңестің төрағасы Қ.Мами «Салық Зиманов Алты Алаштың ардақты ақсақалы еді. Отандық заң ғылымының патриархы деп атайды және еліміз егемендік алған тұста саяси және құқықтық жүйенің теориясы мен тарихының, конституциялық құқықтың білгір маманы ретінде мемлекетіміздің құқықтық негізін қалауға бағытталған заңнамалық реформалардың бастауында тұрды. Тәуелсіз Қазақстанның аяғынан тік тұруына аянбай атсалысты» дейді.
Қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев: «Жасөспірім жігіт кезінде алғаш рет қызметін бастаған Ақкетік (Форт-Шевченко) қаласындағы мектепке бардық. Қайтадан қалпына келтірілген мектептің осы заманша жабдықталған оқу залдары мен кабинеттерін аралап көрдік. Сүйсіндік. Әсіресе Сәкең қайта-қайта шұқшия үңіліп, қадала сұрады. Естігендерінің бәрі көңілінен шықты. Анталаса жаутаңдасқан бүлдіршіндермен отыра қалып, сұхбат құрды. Отызға толмай жатып зеңбірекшілер дивизиясын, бригадасын басқарған ержүрек офицерден қараны қандырып, төрені төндірген, білмейтіні жоқ ұлы Ұстазға, Қазақ ғылымының тірі патриархына айналғанға дейінгі қызық та хикметті өмір жолынан сыр шертті», - деп толғанады.
Академик Сұлтан Сартаев: «Барлық ғұмырын ұланбайтақ республиканың, Қазақстанның ғылымының өркендеуіне арнап, жүздеген шәкірт тәрбиелеп, оларға көмек қолын созып, бай тәжірибесімен бөліскен, жүрек жылуын сыйлаған асқар таудай биік тұлғаны ұмыту мүмкін бе?!» деп әріптес ағасын, ұстазын сағынады.
Академик Төрегелді Шарманов: «Адами тұрғысынан айтып отырмын, ол – ерекше биік парасатты қасиеттің иесі еді. Періште адам еді. Біз үшін осындай адамның болғаны – халқымыз үшін үлкен мақтаныш, мәртебе. Ғажап адаммен қатар өмір сүрдік» деген екен.
Академик Камал Ормантаев: «Ол кісі ерекше қасиетті, әділетті, шыншыл еді. Шындықты, ақиқатты сыйлайтын. Іскерлік қабілеті ерекшетін. Бір кереметі, орысша да, қазақша да шешен сөйлейтін. Ал заң ғылымының негізін қалаудағы еңбегі өз алдына. Артына қаншама шәкірттер даярлап кетті десеңізші. Ол кісі өте қарапайым еді... Ең өкініштісі, Салық Зиманұлының орны ешқашан толмайды, ешкім тол тыра алмайды. Ал бір көңіл қуантары, Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласында кезінде өзі сабақ берген мектебін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев күрделі жөндеуден өткізіп, Салық Зимановтың атын берген еді...» дейді.
Салық Зиманов 40 жасында ғылым докторы атағын алды және Қазақстан ғылымы тарихында қазақтан шыққан тұңғыш заң ғылымының докторы болды. Оның ірі заңгер, қазақ елі үшін сіңірген ерекше еңбегі туралы академик Кенжеғали Сағадиев: «Сәкеңнің өресі биік, іргелі ғылымның озық қайраткері екенін кеше Қазақстан егемендік алып, ол туралы декларация қабылданғанда және дербес еліміздің тұңғыш Ата заңын қабылдағанда көрдік. Жалғыз өзі осы егемендігіміздің іргесін қалайтын негізгі заңдарымызды құрастырып, шет ел тәжірибесін молынан пайдаланып, осы қағидалардың дұрыстығын үкіметке де, парламентке де, қала берді, бүкіл халыққа да дәлелдеп бергені ерлік емес пе! Тек осы еңбегі үшін Салық Зиманұлының есімі тәуелсіз Қазақстан тарихында мәңгілік қалады және алтын әріппен жазылады» деп бағалайды.
Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық білім бөлімінің «Дарын» қосымша білім орталығында Салық Зимановтың тәлім берген сыныбы «Салық Зиманов аудиториясы» деп аталады.
Сонымен бірге орталықтың 2-қабатында «Салық Зиманов өмірі мен шығармашылығына арналған мұражай» бар. Бұл мұражай аудандағы білім беру ұйымдарының оқушыларымен өткізілетін барлық сайыстар мен байқаулар, конкурстарды ұйымдастырушы орталықтағы ең көрнекі жер болып есептеледі. Мұражай 2017 жылы «Ардагерлер ұйымы» республикалық ұйымының 30 жылдығына арналған қоғамдық мұражайлар қызметінің республикалық байқау-конкурсына қатысып, салалық мұражайлар номинациясы бойынша ІІІ орын жүлдегері атанған.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаратылыстанудың жайы мен жаңа стратегиялар талқыланды2017 жылы ауданымызда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ш.Есенов атындағы университет, облыстық сот, аудан активтері мен ардагерлері қатысқан ғылыми конференция өткізіліп, конференция қабылдаған қарарда аталған «Көк мектепке», яғни Түпқараған аудандық «Дарын» қосымша білім орталығына Салық Зимановтың есімін беру мәселесін нақты шешу ұсынылған еді.
Иә, ендігі мәселе сол жоғарыда тоқталып өткендей, академик Камал Ормантаевтың «Ал бір көңіл қуантары – өзі сабақ берген мектебіне Салық Зимановтың атын берген еді...» деген сөзі, шын мәнінде, әлі мәресіне жетпей жатқандығында болып отыр. Дарынды оқушылардың орталығы ашылған 2011 жылдары осындай атау беруге бес жыл күту керек болса, заңғар азаматымыздың өмірден өткеніне де 5 жылдан астам уақыт өтті.
Бүгінгі күні осындай заңғар тұлғаның есімін беру мәселесінде, меніңше, «атын беруге лайық тұлғалардың қатарына енгізілмей қалған» деген бюрократиялық кедергілермен байланысты сөзбұйдалық, «ескі ауру» бар сияқты көрінеді.
Тегінде егемендіктің алғашқы кезеңдерінде Елбасының ерекше қолдаушыларының бірі болған, Ұлы Отан соғысының ардагері, ержүрек жауынгер, ерекше ғалым, ұлы ұстаз, Отандық заң ғылымының патриархы, заңғар Салық Зимановтың аты осы Ақкетіктегі «Көк мектептің» (қазіргі «Дарын» қосымша білім орталығының) атына берілуі – рухани дүниемізді байыта түсер шешім болар еді. Әрі кейінге қалдыруға болмайтын барша Ақкетік халқының билікке деген ақ үмітін ақтайтын қадірлі түйін деп түсінеміз.
Нұртуған ТҰРЖАНОВ, Түпқараған аудандық сотының төрағасы