«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған шара өтті. Оны «Нұр Отан» партиясы МОФ төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тумышев құттықтау сөзбен ашты.
- Партия сіздерді тек жиналыстарға шақырып, күрделі мәселелерді көтеріп, шешуге қатыстырып қана қоймайды, бір сәт көңіл көтеруге де шақыра алады,-деп жеңіл әзілдеді ол.-Көктемнің алғашқы күні алғыс айтумен басталды. Сондай-ақ бұл күн «Нұр Отанның» да төл мерекесі. Бір аптада қыз-келіншектер мейрамы да келіп жетті. Сіздер үйде асыл жар, аяулы ана болғаныңызбен, сыртта, жұмыста белсенді қызметкерсіздер, еліміздің дамуына өзіндік үлестеріңізді қосып жүрген қайраткерсіздер. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп отырған сіздердің денсаулықтарыңыз мықты болсын. Отбастарыңыз аман, аспанымыз ашық болсын.
Ақжарма тілегін ақтарған Нұри Лазарұлы өңірімізде белсенді әйел-қыздарын Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстады. Мерекелік құрметке бөленген қыз-келіншектер арасында кәсіпкерлер де, қоғам белсенділері де, ұстаздар мен журналистер де бар. Олардың барлығы мейрамға орай жайылған ақ дастарханнан дәм татып, жергілікті өнерпаздар концертін тамашалап, көңіл сергітті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА